Ауғанстан елінің шығысында 6-балдық зілзаладан 800-ден астам адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауғанстан елінің шығысында 6-балдық зілзаладан 800-ден астам адам қаза тапты

01.09.2025

Ауғанстанда магнитудасы 6 балдық жер сілкісінісі болып, 800-ден астам адам мерт болды. Тағы 2800-і жараланған. Құтқарушылар таулы аудандарға көмекке аттанды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан басшылығына зілзала салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты қайғырып көңіл айтты. Әріптесім Арыстан Рысбек жалғастырады.

Ауғанстанда қуаты 6-балдық зілзала жергілікті уақытпен жексенбі күні түнгі 12-ге 13 минут қалғанда болды. Тәліптер үкіметінің баспасөз хатшысы Забихулла Муджахидтің дерегінше, мерт болғандардың барлығы – елдің шығысындағы Кунар және Нангархар провинцияларының тұрғындары.

АҚШ-тың Геологиялық бақылау қызметінің ақпаратына жүгінсек, зілзаланың эпицентрі Жалалабад қаласынан 27 шақырым қашықтықта, 8 шақырым тереңдікте анықталды.

Құтқарушылар Пәкістанмен шекаралас таулы аудандарға жетуге әрекет жасап жатыр. Ол жақтағы елді мекендермен интернет байланысы мүлде үзілген.

Қазір «Талибан» билігі халықаралық қауымдастықтан көмек сұрап отыр.

Ауғанстанда ғимараттар негізінен көпқабатты емес. Олар көбінесе бетон мен кірпіштен салынады. Ал шалғайдағы қышлақтардағы үйлер саманнан немесе ағаштан тұрғызылады. Олардың сапасы сын көтермейді.

Түндегі жер тербелісі Кабулмен бірге Пәкістан мен оның астанасы Исламабадта да сезілді. Алайда Пәкістаннан құрбандар туралы мәлімет түскен жоқ.

Айта кетсек, Ауғанстанда бұған дейінгі зілзаладан 2023 жылы қазанның 7-де төрт мың адам жан тәсілім етті.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу