Жетісу облысы, Талды ауылында қайтарылған заңсыз активтер есебінен салынған жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім ордасы Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтің есімімен аталды. 300 балаға арналған оқу орыны бірнеше бөліктен тұрады. Бастауыш пен жоғарғы сыныптың оқушылары жеке ғимаратта білім алады. Мекеме озық үлгідегі құралдармен жабдықталған. Дәл осындай тағы бір мектеп Сүптай ауылында салынып жатыр. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі, дейді жауаптылар. Ал Талды ауылының тұрғындары өз алғыстарын білдіруде. Себебі бұған дейін ауыл балалары 60-жылдары салынған білім ошағында оқып келген.
Өтемес Нұрақынов, тұрғын:
Жаңадан мектеп ашылғанына өте қуаныштымыз. Заманауи білім ордасында балаларға қажеттінің бәрі жасалған: үлкен спорт залы, акт залы бар. Аралап көріп, қатты қуанып қалдық. Бұл қуаныш тек менікі емес, бүкіл елдің қуанышы. Немерем биыл 1-сыныпқа барды, оқымысты болып шығады деп сенеміз.
Петропавлда жаңа мектеп ашылды
Петропавлда да «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа білім ошағы ашылды. Береке ықшам ауданында орналасқан заманауи мектеп бір ауысымда 600 орынға арналған. Жаңа оқу жылында нысан 700-ден астам оқушыны қабылдады. Оның 85-і биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Мереке Бекенбаев, қала тұрғыны:
Бұрын бос қаңырап жатқан жерге зәулім үйлер салынып, біздің ауданда төртінші мектеп ашылды, спорт кешені бой көтерді, балабақша іске қосылды. Бүгін жаңадан ашылған заманауи мектептің табалдырығын немерем аттап, бірінші сыныпқа барды.
Құрылыс пен мектепті жабдықтауға 5 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Бастауыш сынып оқушылары жеке блокта білім алады. 100-ге тарта мұғалім жұмыс істейді. Былтыр Петропавлдың Орман ықшам ауданында да жайлы мектеп ашылған болатын.
Дамир Нұрмұхамет
