Е.Рыбакина 1/8 финалдың жолдамасына таласады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Е.Рыбакина 1/8 финалдың жолдамасына таласады

28.08.2025

Қазақстанның әйелдер арасындағы нөмірі бірінші теннисшісі Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына жолдама алды. Отандасымыз жарыстағы екінші кездесуінде былтырғы жасөспірімдер арасындағы «Ролан Гарростың» жекелей және жұптық сында топ жарған чехиялық Тереза Валентовадан басым түсті. Рыбакина үшін жеңіске жету оңай болған жоқ. 18 жастағы қарсылас жас та болса, өзінің оңай шағылар жаңғақ еместігін көрсетті. Алғашқы алты геймді теннисшілер өзара тең бөлісті. Есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасап, сет соңына дейін басымдық тантты. Алғашқы кезең 6:3 есебімен Рыбакинаның пайдасына шешілді. Екінші сетте Еленаның қарқыны бәсеңдей түсті. Оған Терезаның жылдамдығы мен допты ойынға қосуы, сондай-ақ күшті соққылары әсер еткендей. Есеп 5:2, яғни қарсылас үшін сет-пойнт болар сәтте қазақстандық теннисші өзін қолға алып, Чехия өкілін қуып жетті. Матч тағдыры тай-бректе шешілді, бұл жолы да Ленаның бәсі жоғары болды. Енді отандасымыз 1/8 финалдың жолдамасын, АҚШ ашық чемпионатының төрт жыл бұрынғы чемпионы, кезінде Еленамен жұптық сында бақ сынаған Ұлыбританиялық Эмма Радуканумен сарапқа салады. Теннисшілер бұған дейін бір-ақ рет кездескен. Сол кезде Рыбакина Эмманы 6:1, 6:0 есебімен ойсырата жеңген. 

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу