Шынында, Темірлан - кешегі матчтың қаһарманы. 21 жастағы қақпашы елге жеңіс сыйлады. 120 минут бойы 7 метр қақпаны саңылау қалдырмай қорғады. Пенальти сериясында да сыр алдырмады. Ал осы Чемпиондар лигасына жол ашқан Темірлан Анарбеков кім? Футболдағы алғашқы қадамдары қайдан басталды? Сюжеттен көрелік.
«Жақсы қақпашы — жарты команда» деген сөз бекер айтылмаса керек. Кешегі ойын осы сөздің айқын дәлелі. Бір-ақ күнде атағы аспандаған Темірлан 2003 жылы 14 қазанда Атырауда дүниеге келген. 11 жасында «Атырау» командасының сапына қосылған. Әу баста алаңда атой салып шабуылшы болғысы келген көрінеді. Бірақ бапкері қақпада жақсы тұратынын байқапты.
Ринат Ғалымов, Т.Анарбековтың тұңғыш бапкері:
Ол алғаш келген күннен бастап болашағы бар бала екені білінген. Допты қабылдауы, ойын түсінуі мықты болатын. Бастысы - психологиялық тұрғыда тұрақты әрі қырағы еді. Доптан қорықпайды. Кешегі ойында да сол қасиетін анық көрсетті деп ойлаймын. Дәл осы қарқында жалғастырса, ел футболының дамуына үлес қосады деп сенемін.
Осылайша өзінің ширақтығымен көзге түскен Темірлан 2017 жылы «Қайрат» академиясына ауысты. Кәсіби спорттағы қарышты қадамдары да сол жерден басталды. 2020 жылы бар-жоғы 17 жасында Премьер-лигада алғаш рет негізгі құрамда алаңға шықты. Жыл санап, тәжірибесі толысқан ойыншы 2022 жылғы маусымда «Қайрат-Жастар» командасының капитаны атанды. Кешегі матчтан соң жас өрендер «Біздің Буффон» деп, Темірланға тамсанып жүр.
Аян Ғарифолла, «Атырау» ФК Е17 ойыншысы:
Біз Темірлан Анарбеков ағамызбен мақтанамыз. Ол сияқты ағаларымыз барына қуанамыз. Өзімнің жоспарым - ағам сияқты өсіп, кәсіби футболист болу.
Бүгінгі таңда ол Қазақстан ұлттық құрамасының сапында да өнер көрсетеді. Transfermarkt дерегінше, қазір жас дарынның нарықтағы құны 200 мың еуроға бағаланады. Еңселі жігіт. Бойы 1 м 91 см. Карьерасында 90 матч өткізіп, оның 24-інде қақпасына гол жібермеген. Кеше де ол ерекше сейвтер жасап, жанкүйерлердің ықыласына бөленді. Айналайын, Анарбеков, деп риза болғандардың жылы лебізі толастар емес.
Алда талай жеңіс, талай турнир бар. Бірақ бұл тарихқа енген бір түн ешқашан ұмытылмайды. Ал осы түнде жұлдызы жанған Темірлан «Қайраттың» ғана емес, бүкіл қазақ футболының мақтанышына айналды.
Ернұр Медет
