«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қоғамның бір бөлшегіне айналып келеді. Халықтың эко мәдениеті артып жатыр. Бұл бастамаға әсіресе жастар, сондай-ақ бизнес өкілдері белсенді араласуда. Кәсіпкерлер Астана, Алматы, Ақтөбе және Өскемен сияқты ірі қалаларда 100-ден астам фандомат орнатты. Астана мен Жезқазғандағы 129 мектепте қоқысты бөлек жинауға арналған мыңнан астам экобокс орнатылды. Сол бокстарға пластик пен алюминий тапсырғандарға бонустар беріледі. Осындай ынталандырулардың арқасында полигондарға жіберілетін қалдық көлемі азайып әрі өскелең ұрпақтың экологиялық санасын дамытуға мүмкіндік артады. Президент Жолдауында орман-тоғайды көбейту – бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуы керек екенін атап өтті. Соған орай елімізде орман алқаптарының аумағы да ұлғайып келеді. Мәселен, 1 млрд 369 млн көшет, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл көшеттерінің 48 млн данасы егілді. Бұл экологиялық қозғалысқа кез келген тұрғын атсалыса алады. Сенбіліктерге қатысу, қоқыстарды сұрыптау, ағаш отырғызу сияқты әрекеттерімен таза болашаққа үлес қосады.
Ақниет Балтанова
