Алматыда «Мектепке арналған мектеп» атты әлеуметтік жоба іске қосылды. Мақсат – тәлімгерлік арқылы білім ордаларының әлеуетін көтеру.
Пилоттық жоба аясында көрсеткіші орта деңгейдегі мектептерге үздік білім мекемелерінің тәжірибесі енгізіледі. Менторлық қызмет атқаратын білім шаңырағының бітіруші түлектері еліміздің, шетелдің жоғары оқу орындарында грант алып, одан бөлек білім саласында бірқатар жетістікке жетуі тиіс. Яғни үздік мектептің мамандары қаланың әр аудандарынан алынған білім ордаларында төрт бағыт бойынша тәлімгерлік жасайды. Бағдарлама әкімшілік-басқарушы кадрмен, педагогтар құрамымен, сондай-ақ оқушылар, ата-аналармен жұмысты қамтиды. Жоба қалалық Білім басқармасы мен Алматы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен қолға алынды.
Эльмира Молотова, О.Жандосов атындағы №105 гимназия директорының орынбасары:
Оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытатын әдістемемізбен таныстырамыз. Біздің мектебіміз әдістемелік бағыт бойынша жетекшілік етеді. Семинарлар ұйымдастырып, тәжірибе алмасамыз. Қараша айында төрт мектептің қатысуымен қалалық конференция өткізу жоспарда бар.
Айдана Қуантхан
