Риддер–Өскемен тас жолының құрылысы қарқынды жүруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддер–Өскемен тас жолының құрылысы қарқынды жүруде

26.08.2025

Шығыс Қазақстан облысында биыл мың шақырымға жуық жол жөнделеді. Соның бірі – Риддер мен Өскемен арасын жалғайтын маңызды бағыттағы тас жол. Жалпы ұзындығы 105 шақырым бұл жолдың қазіргі кезде 85 шақырымы жөнделді. Мердігер компания былтыр осы бағыттың 30 шақырымын қалпына келтірген. Шығыс аймақтағы жол құрылысы туралы келесі бейнематериалымызда.

Мейрамбек Желдібаев - көлік жүргізушісі. Өскемен–Риддер арасында жиі қатынайды. Ол үшін жолдың талапқа сай болғаны маңызды. 50 жылдан артық жөндеу көрмеген бағыттың қайта жаңарғанына дән риза.

Мейрамбек Желдібаев, көлік жүргізуші:

Мен Риддер–Өскемен трассасымен жиі жүремін. Қазір жол жақсы төселіп жатыр, шұңқырлардың барлығы жөнделуде. Егер жөндеу жұмыстары тезірек аяқталса, көлігімізге де, өзімізге де қолайлы болар еді. Бұл бәріне ыңғайлы қатынасты қамтамасыз етеді.

Жол бойында 62 техника 100-ден аса адам екі ауысымда еңбек етуде. Әу баста салынғанда құм тасы дұрыс төселмегендіктен және жүк көліктерінің жиі қатынауынан жолдың бұзылуы жиілеген. Қазіргі кезде құрылысы қайта жанданып, барлық талапқа сай асфальт төселуде. Мамандардың айтуынша, қажетті техника мен материал жеткілікті.

Фархат Тұрғымбаев, инженер-геодезист:

Біздің міндетіміз – осы жолдың құрылысын қадағалау. Жолдың енін, кеңістігін реттеу де назарымызда. Құрылысы жоғары технологиялық стандарттарға сай, белгіленген норматив бойынша жүргізілуде.

Бұдан бөлек, көктемгі су тасқыны кезінде таудан келетін қарғын судың арнасын бағыттауға арналған жол бойындағы үш апаттық жағдайдағы құбыр ауыстырылуда.

Алмас Қасенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ШҚОФ директорының орынбасары:

Бұл жолдың іргетасы өткен ғасырдың 60-жылдары қаланған. Таулы аймақ болғандықтан, ол құнарлы топырақтың үстіне ғана салынған. Қазіргі жөндеу жұмыстары барысында бірқатар қиындықтар туындады. Жоба бойынша ісіну көлемі 5 мың текше метр деп жоспарланса, қазір ол 50 мың текше метрге жетті.

Жөндеу жұмыстары аяқталған соң жол белгілерін ауыстырып, жол таңбалау жүзеге асырылады. Жалпы, аймақта 5200 шақырым республикалық және облыстық маңызға ие автожол бар. Республикалық маңызға ие жолдың 360 шақырымына қайта жаңғырту, ал 357 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу