«Әлеуметтік әмиян» жобасының көмегімен жыл басынан бері 10 миллионнан астам дәрі-дәрмек тегін берілді. Яғни науқастар әрі-бері жүріп, кезекке тұрмай-ақ, өздері тіркелген ауруханадан препараттарды арнайы QR-код арқылы алып жатыр. Бұл сервисті Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында іске қосуды тапсырған еді. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласында ғана емес, барлық бағытта қолданылады.
73 жастағы зейнеткер Меңдіқайша Жүнісова қан қысымын қалыпқа келтіру үшін ай сайын уыстап дәрі ішеді. Мемлекеттен көмек аламын деп, жуырда диспансерлік есепке тұрған. Енді қажет препараттардың бәрін өзі тіркелген ауруханадан «Әлеуметтік әмиянның» көмегімен тегін алып жүр.
Меңдіқайша Жүнісова, зейнеткер:
Ешқайда жүгірмейміз. Қазір дәріні телефон арқылы ала қоямыз. eGOV-ты басып-басып ала қоямыз. Жеп-жеңіл.
Қазір Меңдіқайша Жүнісова секілді мыңдаған науқас дәрі-дәрмекті «Әлеуметтік әмиян» арқылы алады. Тек Астанадағы ауруханаларда айына 12 мыңнан астам препарат тегін беріледі.
Назым Құрманқұлова, №8 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:
Мәселен, біздің науқастардың 70-80 пайызы «Әлеуметтік әмиянды» қолданып жатыр. Бізде науқастар бірнеше диагнозбен тегін дәрі-дәрмек алады. Оның ішінде қант диабеті, астма, созылмалы өкпе аурулары және де эпилепсия ауруларымен тегін-дәрі дәрмек алады.
«Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмек алу үшін әуелі өзіңіз тіркелген ауруханадағы дәрігерден рецепт алу керек. Ол автоматты түрде «eGov Mobile» қосымшасындағы «Дәрілер» бөлімінде көрсетіледі. Сосын сол ауруханадағы емханаға барасыз. Сатушы QR-код ұсынады. Оны «Әлеуметтік әмиян» арқылы сканерлеп, ұзын-сонар кезекте тұрмай-ақ қажет дәрілерді ала бересіз. Әзірге бұл сервис тек мемлекеттік ауруханаларда бар. Бірақ жыл соңына дейін жеке дәріханаларда да іске қосылады.
Асқар Арғынбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры:
Бұл арқылы азаматтарымыз электронды рецепттерді тек өздерінің емханаларында ғана емес, үйіне жақын жеке дәріханалардан да алуына мүмкіндік туады. Бұл азаматтарымыздың уақытын үнемдейді және дәріге кеткен шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жауапты министрлік жобаны кеңейту жайын қарастырып жатыр. Алдағы уақытта әлеуметтік төлемдер де осы жүйе арқылы тағайындалуы мүмкін. Демек енді жәрдемақы банк картасына емес, «Әлеуметтік әмиян» қосымшасындағы арнайы шотқа түсіп отырады. Қазір еGOV-та жұмыс істеп тұрған «Дәрі-дәрмек» бөлімі де сол қосымшаға көшіріледі. Бұл кімге, қанша қаржы, препарат берілгенін қадағалап отыруға көмек береді. Яғни жемқорлыққа жол бермей, көмекті тек шын мұқтаждар алсын деп жасалып отыр.
Жанел Нұрболатқызы
