Атырауда 100-ге тарта тұрғын автосалон қызметкерлеріне алдандық деп шу шығарды. Келісімшартпен берген көлігімізді қайтара алмай жүрміз деген азаматтар Полиция департаментінің алдына жиналды. Тұрғындардың талабы қандай, полиция не дейді?
Сан соғып қалған азаматтар көлікті алып-сатумен айналысатын сайт арқылы темір тұлпарларын сатылымға шығарған. Кейін оларға «Абырой» автосалонынан хабарласып, әбден сеніміне кіріп, автомобилін келісімшартпен тапсырып кетуін сұраған. Ақшасын 10 күннен кейін аласыз деп сендірген.
Нұрхан Сембаев, көлік иесі:
RAV4 көлігімді тапсырғанмын. Өз көлігімді сатып, бір кәсіп бастаймын деген ойым бар еді негізі. Кәсіп те жоқ, көлік те жоқ.
Берік Жігіт, көлік иесі:
Көлігімізді өткіздік, сосын сұрадық. Нақты осылай бола ма дегенде, иә болады, 10 күн ішінде ақшаңызды кейін қайтарамыз деген. Онымен ешқандай қайтқан жоқ.
Майра Қалменова, көлік иесі:
Автоцентрдің менеджерлері қайта-қайта телефон шалып, қоймай шақырғасын бардық. Енді қазір адамдар екі жаққа бөлініп жатыр. Өздеріңіз көлікті қымбатқа сатқыларыңыз келді дейді. Бізден қандай баға базарда, сондай бағаға алды.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Аты «Абырой» болғанымен, істеген ісі «абыройсыз» бұл мекеме елді сан соқтырып, сенімін таптап кетті. Қазір мұнда көлік те, уәде еткен ақша да жоқ. Полиция қызметкерлері есікті осылай мөрлеп қойған. Аталған істі мамандар жан-жақты тергеп жатыр. Бас күдіктілер қамауға алынған.
Арсен Иманәлиев, облыстық ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары:
Тергеу басқармасымен қылмыстық кодекстың 190 бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Яғни алаяқтық фактісі бойынша. Сол себепті біз қазір барлық автокөліктерге тыйым салып, қандай да бір сату, сатып алу операцияларына тоқтам қойдық.
Мекеме 2024 жылдан бері жұмыс істеп келген. Ал алаяқтарға алдандық деген азаматтар көлігімізді қайтарсын не ақшамызды берсін деп, талап етіп отыр. Әрі алып-сатар делдалдардың да жазаға тартылуын сұрайды.
Нұрсұлтан Нұрсейіт
