«Таза Қазақстан» акциясына осы уақытқа дейін 10 млн-нан астам қазақстандық атсалысқан. Оның 600 мыңға жуығы тұрақты түрде белсенділік танытқан еріктілер. Жыл сайын 3 млн ағаш отырғызу жоспарланғанымен, акция аясында 4,5 млннан аса ағаш пен көшет отырғызылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомство өкілдері мәлімдеді. «Таза Қазақстан» бастамасының басты бағыттарының бірі – заңсыз қоқыс полигондарын жою. Рұқсатсыз жиналатын қоқыс үйінділері жылдан жылға азайып келеді. Экологиялық ахуалды жақсарту үшін қатаң шаралар қабылданды. Мәселен қоқысты рұқсат етілмеген орындарға тастағаны үшін жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға 100-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Тіпті көлік құралдарын тәркілеуі құқығы да бар. Сондай-ақ елімізде қоқысты қайта өңдеу деңгейі 25%-дан асты. Жағдайды жақсарту мақсатында биыл 67 жоба мақұлданды. Осылайша 2027 жылға дейін 100 жаңа полигон ашу көзделіп отыр. Қазір қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында @TazaQazBot деп аталатын Telegram чатботы белсенді жұмыс істеп тұр. Онда жыл басынан бері 17 мыңға жуық өтініш түскен.
Ерболат Қожықов, ҚР ЭТРМ экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:
@TazaQazBot чатботы белсенді түрде қолданылуда. Өтініштер сапасыз орындалған немесе ресми жауаптар берілген, белгіленген мерзімге сай келмеген немесе орындаушылар тарапынан нақты іс-әрекеттер болмаған жағдайда пайдаланушыларға шағым беру мүмкіндігі бар. Мәселен биыл 530 арыз-шағым түсіп, оның 476-сы орындалды.
Ақниет Балтанова
