Израиль әскері Газа секторының Хан-Юнис қаласындағы «Насер» ауруханасына бірінен кейін бірі екі мәрте соққы берді. 20 адам қаза тапты. Арасында халықаралық агенттіктерде жұмыс істейтін журналистер бар. БҰҰ, әлем елдерінің лидерлері атысты тоқтатуға, бейбіт тұрғындар мен журналистерді қорғауға үндеді.
Израильдің бірінші шабуылынан 1 адам мерт болды. Сол кезде оқиға орнына журналистер мен құтқарушылар жеткен еді. 10 минуттан кейін болған екінші жарылыстан қаза тапқандардың саны 20-ға жетті. Олардың 5-і журналист. Арасында медициналық қызметкерлер де бар.
Оққа ұшқан 5 палестиналық журналист Associated Press, Reuters, Al Jazeera және Middle East Eye тәрізді агенттіктер мен телеарналарға жұмыс істеп, Газа секторынан хабар таратқан. Израиль палестиналық анклавқа халықаралық ақпарат ұйымдарын кіргізбей отыр. Сол себепті әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жергілікті тілшілердің деректеріне сүйенеді. Аталған агенттіктер өз міндетін атқару кезінде оққа ұшқан журналистерінің қазасына қайғырып, мәлімдеме жасады. Ал Израиль болған оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Эффи Дефрин, Израиль армиясының өкілі:
ЦАХАЛ Хан-Юнистегі «Насер» ауруханасы маңына соққы берді. Бейбіт тұрғындар, оның ішінде журналистер зардап шекті деген ақпараттан хабардармыз. ЦАХАЛ бейбіт тұрғындарға қасақана шабуыл жасамайтынын бірден айтқым келеді. Біз аса күрделі жағдайда әрекет етіп жатырмыз. ХАМАС лаңкестері азаматтық инфрақұрылымды, оның ішінде ауруханаларды қалқан ретінде қолданып жатыр.
Халықаралық қауымдастық «Насер» ауруханасында болған трагедияны сынға алып жатыр. БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гуттериш тез әрі әділ тергеу жүргізуді талап етті. Франция президенті Эммануэль Макрон бейбіт тұрғындар мен журналистерді қорғауға үндеді. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп шабуыл туралы білмегенін айтты. Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы бұл үшін қатаң жауап беруге шақырды.
Тибо Бруттен, «Шекарасыз тілшілер» ұйымының басшысы:
Бұл қашан және қайда тоқтайды? Біз Израиль қорғаныс күштерінің журналистерді қайта-қайта өлтіруімен үнсіз келісе береміз бе? Қақтығыстардан хабар тарататын журналистерге берілетін кепілдіктер бар. Халықаралық құқық бар. Алайда оны ешкім сақтап жатқан жоқ. Лаңкес деп танылған журналистердің ешқайсысы да террорист емес. Олар Рейтер немесе Ассоушиейтид Пресс сияқты дәстүрлі БАҚ-на жұмыс істейтін кәсіби журналистер.
Екі апта бұрын Газа секторындағы «әш-Шифа» ауруханасына жасалған израильдік шабуылдан да 5 журналист қаза тапқан еді. Ал Журналистерді қорғау комитетінің мәліметінше, 22 ай бойы жүріп жатқан соғыстан 190-нан астам журналист мерт болған.
Арай Төлегенқызы
