СҚО-да қаңғыбас иттер үй құстарын қырып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да қаңғыбас иттер үй құстарын қырып жатыр

25.08.2025

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында қаңғыбас иттер тұрғындардың қорасына кіріп, мал мен құсты қырып жатыр. Полиция жапа шегушілердің арызы бойынша бірнеше деректі тіркеген. Көпшілік жауапты органдардан өтемақы төлеуді талап етіп отыр.

Құс өсіруді кәсіп еткен Лейла Әлиева жылда көктемде 200 қаз бен 100-ге тарта үйректің балапанын алады. Тауықтары тағы бар. Жаз бойы өсіріп, қыста сатады. Ауыл тұрғынының биыл пайда табудың орнына, шығынға белшесінен бататын түрі бар. Жаз бойы иесіз иттер бірнеше рет шабуыл жасап, тауық, қаз бен үйректі қосқанда 100 бас құстан айрылған.

Лейла Әлиева, ауыл тұрғыны:

Үйге кірдік, арада 10-15 минут өтті. Үйректер шулап, үйге кіріп кетті. Мен шошып шықсам, үйректер өліп жатыр. 30 тауығым болды, 40 тауықтың балапаны болды, үлкендеу, өсіп қалған. Оларды да қырып кетті.

Ауыл тұрғындары қаңғыбас иттер жаз бойы маза бермегенін айтады. Бір қорадан 250 тауықтың балапанын жайратып салған. Көпшілік құзырлы органдардан өтемақы төлеуді талап етіп отыр. Жапа шеккендер жиналып, сотқа арызданбақ.

Анастасия Саратовцева, ерікті:

Былтырғы су тасқынынан кейін қаңғыбас иттер көбейіп кетті. Біз мәліметтерді жинақтап, сотқа арыз жолдаймыз. Ауылда камера көп, бейнежазба арқылы мал мен құсты жабайы аңдар емес, ит қырғанын дәлелдеуге болады. Себебі қарсақ пен түлкінің қойға шамасы жетпейді.

Ал жауапты органдар өтемақы төленбейтінін айтады. Қырылған құс пен малдың нақты саны белгісіз. Өлекселерден сынама алынып, сараптама тағайындалған. Нәтижесі бір аптада белгілі болады.

Ербол Багенов, Қызылжар аудандық ветеринариялық станциясының директоры:

Жалғыз иттерден көруге болмайды. Басқа да жануарлар ауылдың шеті болғаннан кейін шабуылдайды. Қарсақ, түлкі де көбейіп кетті. Қар көбейген кезде ауылға келуші еді, қазір тамыз айында түлкілер ауылдың көшелерінде кезіп жүр.

Қызылжар ауданында 4500 ит чиптелген. Алайда мәселе толық шешілген жоқ. Төрт аяқтыларды ұстайтын орын салуға жер белгіленгенімен, құрылысқа қаржы бөлінген жоқ.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу