Бизнестегі әйелдердің үлесі 48 пайыздан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бизнестегі әйелдердің үлесі 48 пайыздан асты

25.08.2025

Президент Жолдауында 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керектігі айтылған. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Қазір елімізде шағын және орта бизнестің тең жартысын әйелдер басқарады. Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келеді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бизнестегі арулардың үлесі 48%-дан асқан. Олар экономиканың түрлі секторларында ер азаматтармен қатар иық тіресе кәсіптерін дамытып келеді.

Талдықорғандық Айнұр Ермекқызы арнайы қалыпқа құйып, түрлі мульфильм кейіпкерлерін жасайды. Алғашында өз бизнесін бастау үшін «Жас проджект» бағдарламасына өтінім берген ол мемлекеттік грантты ұтып алған.

Айнұр Ермекқызы, кәсіпкер:

Бір миллионның арқасында кәсібімді дөңгелетіп кеттім. Кәсіп бастауға бірінші қадам болды. Басында қызығып жүрдім. Одан кейін 2-3 айдан кейін ғана барып жасап көрейін дедім.

Ал Динара Қалқабайқызы газобетон блоктарын құятын кәсіпорын ашқан. Өндірістің қыр-сырын меңгеру үшін Қытайда арнайы білім алған. Осылайша елге оралып 2023 жылы зауыттың іргетасын қалады. Биыл ішкі нарыққа кірпіш өндіре бастады.

Динара Қалқабайқызы, кәсіпкер:

Зауытта 50-ден аса жұмысшы бар. Олар екі ауысыммен істейді. Зауытты саларда қытайлықтармен әріптес болдық. Техниканы игеруді үйретті. Қазір айына 10 000 куб кірпіш шығарамыз.

Нұғман Жұлдызбаев, «Атамекен» ҰКП «Кәсіпке бағыт» жобасының жетекшісі:

2025 жылдың бірінші қаңтарындағы дерек бойынша, олардың саны 1 090 000 әйел кәсіпкер бізде бар. Олар көбіне сауда, әртүрлі қызмет көрсетулер, соның ішінде биоиндустрия деп айтамыз және өңдеу өнеркәсіптерінде әйел кәсіпкерлер қамтылған. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту керек оларға қолдау қажет.

Елімізде кәсіппен айналысатын бұрымдыларға барынша жағдай жасау үшін түрлі гранттар, субсидиялар, сондай-ақ білім беру курстары да бар. Биыл Жетісу облысы бойынша да мемлекеттен 5 кәсіпкер әйелге жалпы сомасы 25 миллион теңгеге грант берілген. Сондай-ақ 22 шағын және орта бизнес өкілдеріне 1,4 млрд теңге несие рәсімделген.

Дамир Нұрмұхамет

Хабарламаларға жазылу