Ұлыбританияда мигранттарға қарсы ереуілдердің толқыны басылар емес. Үкімет осыны ескеріп, баспана сұраушы 106 мың адамның қордаланып қалған ісін жедел қарайтын тәуелсіз сот органын құруды жоспарлап отыр.
Әдетте босқын мәртебесін алуға құжат тапсырғандардың өтініштері қанағаттандырылмағаннан кейін олар апелляцияға беріп, бір жыл күтеді. Ал бұл өз кезегінде салық төлеушілердің қалтасына үлкен салмақ түсіреді — мигранттар уақытша қонақ үйге орналастырылады, жүріп-тұруына жәрдемақы төленеді. Соңғы бір жылдың ішінде бұл шығындарды жабу үшін қазынадан 100 млн фунттан астам ақша жұмсалған.
Бұған көңілі толмаған халық Ұлыбританияның бірнеше қаласында көшеге шығып, наразылығын білдіріп жатыр. Маусым айында босқын мәртебесін сұрағандардың саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 111 мың адамға жеткен.
Марина Бекенова
