Өскеменде «Көкперінің кердеңі» қойылымы көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде «Көкперінің кердеңі» қойылымы көрсетілді

22.10.2018

Өскеменде Дидахмет Әшімханұлының «Көкперінің кердеңі» атты пьесасы сахналанды. Бұл белгілі жазушының соңғы жылдары жазған шығармаларының бірі. Қоғамдағы жастардың адасуын әшкерелейтін қойылымды «Шабыт» студенттер театрының актерлары көрсетті. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері республикалық фестивальде осы драмадан үзінді қойып, «театрландырылған көрініс» номинациясы бойынша 2-орынды иеленген болатын. Жоғары оқу орнында студенттер театры осыдан 4 жыл бұрын құрылған. Актерлер биылғы маусымды жастарды қоғамдағы теріс ағымдар туралы хабардар етіп, үлкен қауіптен сақтандыру мақсатында «Көкперінің кердеңі» атты пьесамен бастаған. Бұл қазіргі күні өте өзекті мәселе. Қойылым дәстүрлі дініміздің құндылықтарын насихаттап, дұрыс ілімге бағыттау жолдарын меңзеді.

Ертай Қасенов, «Шабыт» студенттер театрының жетекшісі:

- Дидахмет Әшімханұлының ең соңғы жазған қойылымы деп естідік. Теріс ағымдағы адамдарды қазақи, мұсылмалдық дінмен, қазақи салт-дәстүрмен жүру тәрбиесінде жазылған. Шетелдік әуендерден гөрі, өзіміздің қазақтың дәстүрлі әуендерін насихаттау мақсатында қойылып жатыр.

Ақерке Оразбек, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Дін туралы түсінбей жүрген жастарға көп көмек беретін қойылымның бірі. Шығарманы қанша оқысаң да, көзбен көргенге жетпейді деп айтады ғой. Міне, Дидахмет Әшімханұлының қойылымын сахнадан көрсету жастарға тәрбие береді.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу