Мерзімді әскери қызметті жаңаша форматта өткеру үшін Sarbaz+ атты цифрлық жоба қолданысқа енгізілмек. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл бағдарлама сарбаздардың жауынгерлік дайындық сапасын арттыруға септеседі. Әрі әскердегі күнделікті тұрмыс-тіршілікке де заманауи технологияны кіріктіруге мүмкіндік бермек.
Жоба аясында сарбаздың биометриялық көрсеткіштерін қадағалап отыру үшін әрқайсысына фитнес-білезік беріледі. Мәліметтерді командирлер мен дәрігерлер орталықтандырылған бақылау жүйесінен көріп отырады. Сондай-ақ бейнені талдау жүйесі енгізілмек. Яғни «ақылды» бақылау камералары әр түрлі штаттан тыс әрекеттер кезінде белгі беріп отырады. Sarbaz+ жобасы пилоттық режимде Алматы облысындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери бөлімінде осы күзден жұмыс істей бастайды. Тіпті әскерге шақыру процесінің өзі автоматтандырылмақ.
Бекжан Мырзағалиев, Қорғаныс министрлігі ақпараттық технологиялар департаментінің бастығы:
Біз осы жоба шеңберінде шақырудың жаңа түрін пилоттан өткізгіміз келеді. Жаңа сайт аштық. Бұл сайт арқылы бұл әскери бөлімде не болып жатыр, қандай сабақтар, күн тәртібі қандай, асханада қандай тамақтар береді, командирі кім, тәрбие және идеология жағынан орынбасары кім, соның барлық ақпараты бар. Сонымен танысып, сол сайт арқылы өтінім бере алады: «осында қызмет етемін» деген.
Данияр Қайыртай
