Ішкі істер министрлігі тұрғындарға маңызды ақпаратты жариялады. Полиция аккаунтты алаяқтардан қорғаудың қарапайым әрі маңызды нұсқаулығын ұсынып отыр. Бірінші ереже құпиясөзге 1-ден 5-ке дейінгі сандарды, аты-жөні мен туған күнді қоймауға кеңес береді. Орнына ұзын, бас және кіші әріптер, сандар және арнайы белгілері бар күрделі құпиясөз қойған жөн, дейді. Одан соң құпиясөзді телефондағы «Жазбаларға» немесе қағазға жазбаңыз. Қоңырау шалған адамды да тексеру маңызды. Алаяқтар дипфейк қолдануы мүмкін. Сөйлесіп отырған танысыңыз күмәнді болса, басын бұруын немесе жанында тұрған затты көрсетуін сұраған жөн. Сондай-ақ кім ақша сұраса да бірден жіберуге болмайды. Алдымен қоңырау соғып анықтап алу керек. Әлеуметтік желідегі ақпараттарға сенбеңіз. Қазір көптеген платформа жасанды интеллектпен жасалған суреттерді және күмәнді контент қолданады. Сондықтан оны да тексеріп алған жөн. Күмәнді хабарлама келсе, басқа мессенджер немесе телефон арқылы қайта хабарласыңыз. Деректерді тексеру маңызды.
Асылбек Данияр
