Шерзат ісі: Сот шешімі өзгеріссіз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шерзат ісі: Сот шешімі өзгеріссіз қалды

19.08.2025

Шерзат Полаттың ісі бойынша сотталған сегіз адамның апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады. Бүгін Алматы облыстық сотында атышулы іске нүкте қойылды.

Айдана Қуантхан, тілші:

Апелляциялық алқа сотталғандардан түскен сегіз өтінішті жіті тексерді. Сот төрағасының міндетін атқарушы Қалдарбек Досымбет сот үкімінде барлық дәлелге тиісті баға берілген, сотталғандардың іс-әрекеттері дұрыс сараланған, оларға заңды әрі әділ жаза тағайындалғандықтан бірінші сатыдағы соттың үкімі мен моральдық шығын есебі өзгеріссіз қалатынын жеткізді.

Қалдарбек Досымбет, облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы:

2025 жылғы 5 маусымындағы үкімі мен жеке қаулысы өзгеріссіз, адвокаттар, сотталғандар Тоқтаубаев, Сакеевтің апелляциялық шағымы мен адвокат Сыдықбековтің жекеше шағымы қанағаттандырусыз қалсын. Қаулы жария етілген кезден бастап күшіне енеді.

Айдана Қуантхан, тілші:

Одан бөлек қылмыс орнында болып, әу баста куәгер ретінде танылған Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелді, Юлдаш Розбакиев пен Арлан Қазыкеновке қатысты бірінші сатыдағы соттың жеке қаулысы да сол қалпы қалды. Яғни алдағы уақытта төрт куәгердің іс-әрекетінде қылмыстық құрам бар-жоғын тергеу анықтайды. Адвокаттардың айтуынша, тергеу екі айдан аса уақытқа созылуы мүмкін.

Мейірман Шекеев, қорғаушы:

Жәбірленуші тарап бұл үкіммен келіседі. Жоқ, апеллияцияға бере алмайды. Өзінің реттілігі бар. Жоғары сотқа кассация тәртібімен жүгіне алады. Моральдық шығынды қаулы күшіне енгеннен кейін өндіруге бере алады.

Айдана Қуантхан, тілші:

Адвокаттардың сөзінше, заңға сәйкес Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді. Себебі олардың әрекеттері ауыр және аса ауыр баптар бойынша сараланған.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу