Оралда қала іргесіндегі «Зачаган» бау-бақша серіктестігінің электр қуатына қарызы 102 млн теңгеге жеткен. Электр желілері компаниясы енді жарық уақытпен берілетінін ескертті. Тұрғындар бұған жаңа төрағаны кінәлап, орнын босатуды талап етті.
Ел ішінде «Құс фабрикасы» ауданы аталып кеткен саяжай аумағында 12 мың адам тұрады. Қыста тұрғындар жарыққа 72 млн теңге қарыз болып, электр қуаты ажыратылған еді. Сол кезде кейбір белсенділер бұрынғы төрағаны кінәлап, жаңасын тағайындады. Енді екіге жарылған тұрғындар «халықтың ақшасын тиісті орынға төлемей отыр» деп жаңа төрағаны айыптады.
Ләззат Сәркенова, бау-бақша серіктестігінің тұрғыны:
Төрт ай бойы халық, шынымен төлеп келе жатыр. 100 мыңдап, 90 мыңдап төледі. Сол ақшаны төраға жинап алды әрі 101 млн теңге РЭК-ке бережақ. Талабымыз мына төрағаны орнынан кетіру керек.
Гүлнәр Еркенова, бау-бақша серіктестігінің тұрғыны:
Жаныма бататыны мына халықтың екіге бөлінуі. Қазіргі төраға халықты екіге бөліп отыр. Бұрынғы төраға 70 теңгеден суға қарызды жауып кетті. Қазіргісі 150 теңгеге көтеріп отыр. Мусор 1000 теңге болды. Оны 1500 теңгеге көтерді.
Тұрғындар серіктестік төрағасына қоңырау шалып, жиынға шақырғанымен, келмеді. Электр желілері компаниясы қарызды төлемесе, жарық кестемен берілетінін ескерткен. Ал төрағаның айтуынша, жарық берушілер уәдесінде тұрмайды.
Асхат Баетов, «Зачаган» бау-бақша серіктестігінің төрағасы:
Бұлар бұрынғы басшының адамдары, сол кісінің қарауында жұмыс істеген адамдар. Әдейі іріткі салып жүр халық арасында. Бұрынғы басшы 72 млн теңге бережақ. Ол сақтаулы тұр. Үш-төрт трансформаторды жаңалаймыз деп уәде берді. Егер ЗапКазРЭК уәдесін толық орындайтын болса, 30 млн қарызды төлеуге әзірміз.
Қазір мемлекеттік аудит саяжай кеңсесінің кіріс-шығысын тексеріп жатыр. Ал полиция бұрынғы төрағаға қатысты тергеуді бастады. Тұрғындар суға да 3,7 млн теңге қарыз болып шықты.
Азамат Халелов, қала әкімінің орынбасары:
Жоспарға сәйкес, ол жерде үш трансформатор ауыстыру керек болған біздің РЭК компаниясы. Бүгін де бір трансформатордың қуаттылығын көтергізді. Тиісті кабельдер ауыстырылды. Бұл жұмыс жалғаса береді. Бірақ халық бережақтың объективті жағын төлеу керек. Ал дәлелденбеген жағын құзырлы органдарға қалдыру керек шешімі шыққанша.
Қала әкімдігі жарық өшірілмейді деп уәде берді. Ал тірлігі шаһармен біте қайнаған саяжай аумағына қала мәртебесін беру мәселесі қаралып жатыр. Мемлекеттік сараптама оң қорытынды берсе, серіктестік қала аумағына енеді.
Ардақ Мұратқызы
