«Алтын адам» тұңғыш рет Еуропа жұртшылығына таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алтын адам» тұңғыш рет Еуропа жұртшылығына таныстырылды

12.10.2018

Польшаның Гданьск қаласының ұлттық мұражайында «Ұлы дала мұрасы» атты көрме ашылды. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында ұйымдастырылған көрмеге Есік қорғанынан табылған сақ жауынгерімен бірге VII-XX ғасыр аралығындағы зергерлік бұйымдар қойылды. Мақсат - Еуразияның ұлы дала белдеуінің бай мәдени мұрасын жаһан жұртына паш ету.

«Алтын адамның» Еуропаға алғашқы сапарын ұйымдастыру оңай болған жоқ. Қазақстан мен Польша дипломаттары, қос елдің ұлттық мұражайларының қызметкерлері біраз уақыт келіссөздер жүргізді. Тіпті, қазақтың ұлттық мақтанышы қойылатын көрме залының температурасы да арнайы бекітілді. Ол -11 градустан төмен, +25 градустан жоғары болмауы тиіс.

Астанамен бауырлас қала Гданьск мұражайының ұжымы 2 мың жылдық тарихымыздың дәлелді жәдігерін көпшілікке таныстыруға ерекше дайындалыпты. 1969 жылы Есік қорғанынан табылған сақ жауынгерін Польша, Еуропа жұрты бұған дейін тек кітаптан оқыған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында бетпе-бет көруге мүмкіндік алды.

Марғұлан Баймұхан, ҚР Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- «Алтын адам» бізге тек қана музейдің экспонаты емес, біздің егемендіктің символы. Бәрі біліп отыр, бұл Тутанхамоннан кейінгі табылған екінші алтын қор. Бізде білесіздер, Қорғаннан табылған 4 мыңнан астам алтын қор бар.

Вальдемар Оссовски, Гданьск тарихи мұражайының директоры:

- Гданьск музейінде мұндай құнды жәдігерлер көрмесі бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Сондықтан, біз үшін бұл өте маңызды шара. Қазақстан тарапы көрмеге бұдан да көп топтама әкелгісі келген. Бірақ, залдарымыз кішкентай болғандықтан, сыйғызғанымыз осы болды. Біздің тарихи байланысымыз тереңде, дала халықтарымен ұқсастығымыз көп. 

Есік бекзадасының алтын киімімен бірге көрмеге Алтайдағы Берел қорымының, Сарыарқадағы Талды, Батыс Қазақстандағы Аралтөбе обаларынан табылған теңдессіз археологиялық жәдігерлер қойылды. Сармат жауынгері мен VII-XX ғасыр аралығында жасалған әшекей бұйымдар да көпшілік назарына ұсынылды. Тылсым сырға толы өнер туындыларына еуропалықтар таңдай қақты.

Марек Кошак, Варшава қаласының тұрғыны:

- Ерекше әсерде тұрмын. Өйткені, ғасыр қойнауында жатқан дүниені көру үлкен бақыт. Неткен нәзіктік, дәлдік, осындай әдемі дүниелерді жасаған шеберлер қандай мықты болған. Осы көрме арқылы Қазақстан туралы білімімді тереңдеттім.

Людмила Охиренко, Гданськ қаласының тұрғыны:

- «Алтын адам», Сармат жауынгері, көрмеге қойылған туындылардың бәрі маған қатты ұнады. Осындай ғажап дүниенің қаз-қалпында сақталғанына қуаныштымын. Жауһарларға қарап-ақ, қазақ мәдениетінің, өркениетінің сол ғасырдың өзінде өте биік болғанын байқауға болады.

Ұлы дала мұрасын қарт құрлыққа әкеп таныстырған қазақстандықтарға көпшілік қошеметті жаудырды. «Жаһандану заманында ұлттық мәдениетті сақтап, дәріптеу ерлікке пара-пар», десті жиналған қауым. Польша жұрты таңсық дүниені тағы екі ай тамашалайды. Содан соң, «Алтын адамның» әлемге шеруі Кореяда жалғасады.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу