Қызылордада спорт саңлақтары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада спорт саңлақтары марапатталды

15.08.2025

Алдағы жексенбі - Спорт күні. Мереке қарсаңында Қызылордада аймақта бұқаралық спорттың дамуына үлес қосқан үздіктер марапатталып, ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Өңірде соңғы жылдары бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ауқымды жобалар қолға алынды. Заманауи үлгідегі спорт кешендері мен ойын алаңдары салынды. Мәселен, соңғы үш жылда облыс аумағында 20 спорт кешені ел игілігіне берілді.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Биыл облысымызда алғаш рет ерлер мен әйелдерге арналған «Қызылорда бокс клубы» жұмысын бастады. «Қазақстан Халқына» қорының қолдауымен Шиелі ауданында жаңа спорт нысаны салынып, табысталды. Аталған қор есебінен құны 2 млрд 900 млн теңгеге Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. 

Бүгінде спорт оғландары әлемдік додалар мен ел чеммпионатарында жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Бұл әрине үздіксіз жаттығу мен қолдаудың нәтижесі. Салтанатты жиында шәкірттері топ жарған жаттықтырушыларға құрмет көрсетілді.

 Серік Әлмағамбетов, №19 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры:

Грек-рим күресінен облыс бойынша тұңғыш рет Әлем чемпионатының финалисін шығардық. Биылғы жылдың өзінде екі бірдей спорт мектебі ашылды ауылдық жерде. Өзіміздің оқушыларымызды жақсы күрескен әкеліп, тренер етіп дайындап жатырмыз.

Спорт күніне арналған шараға ел намысын әлемдік ареналарда қорғаған Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы қатысып, Сыр спортшыларына сәттілік тіледі.

Әділбек Серікұлы 

Хабарламаларға жазылу