Бүгін 910-нысан декларациясын тапсырудың соңғы күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін 910-нысан декларациясын тапсырудың соңғы күні

15.08.2025

Бүгін жеке кәсіпкерлер мен серіктестіктер үшін 910-нысан деп аталатын декларация тапсырудың соңғы күні. Бірақ бұл санатқа барлық жеке кәсіпкер кірмейді. Мәселен, жеке кәсіпкерлігі бар такси жүргізушілері үшін декларация тапсырудың қажеті жоқ. Себебі салық пен әлеуметтік төлемдер 4% мөлшерлеме бойынша автоматты түрде есептеледі. Оның 1% – жеке табыс салығына, 1% – зейнетақы жарналарына, 1% – әлеуметтік аударымдарға, 1% – медициналық сақтандыруға аударылады. Мамандардың сөзінше, такси жүргізушілері тек 2 жағдайда ғана декларация тапсыруға міндеттеледі.

Айжан Бекеева, қалалық Кірістер департаментінің басқарма басшысы:

Жылдық табысы 3 528 АЕК аспауы тиіс. Егер такси қызметімен бірге бір уақытта айналысатын басқа кәсіпкерлік қызметі болса, қолданыстағы жеке кәсіпкерлікке қосымша режим қосуға болады. Мысалы, оңайтылған декларация бойынша.

Бұл декларация табыс, төленген салық, өзі және қызметкерлері үшін жасалған аударымдар туралы деректерді қамтиды. Есебін беріп үлгермей қалған жеке кәсіпкерлер мен серіктестіктерге бірінші рет ескерту жасалады. Ескертуді елемегендерге айыппұл қарастырылған. Есеп бермеген шағын бизнес субьектілеріне 30 АЕК, орта бизнес өкілдеріне 45 АЕК, ал ірі кәсіпорындарға 70 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу