Қостанайда 1400 тұрғын үйдің тек 300-ге жуығы мүлік иелерінің бірлестігіне өткен. Шілде айында пәтер иелерінің кооперативі жойылған соң, енді тұрғындар үй басқару формасын өзгертуі тиіс. Алайда депутаттардың айтуынша, бұл салада қиындық көп. Мысалы, бірлестік құру үшін алдымен аула, шатыр, коммуникация сынды нысандар кондоминиум, яғни ортақ мүлік ретінде танылуы тиіс. Бірақ бұл жұмыс әлі бір ізге түспеген.
Нұрлан Әуесбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Кондоминимумды тездету керек еді. Осы тұстарда осы Қостанай қаласында белгілі дәрежеде кемшіліктер бар. Өте баяу жүріп жатыр. Баяу болғанда мынандай ғой, мұны халыққа түсіндіру керек. Қай жерде жіңішке, үзілейін деп тұрған жерлермен айналысып, жұмыс істеу керек те, халыққа түсіндіру керек. Халық түсінсе, өзі атқарады.
Газ өңдеу зауыты салынып жатыр
Ал Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев бүгін Жаңаөзен қаласында салынып жатқан газ өңдеу зауытының құрылысымен танысты. Жоба құны – 216,8 млрд теңге, қуаты жылына 900 млн текше метр табиғи және ілеспе газ өндіруге жетеді. Құрылыс 2027 жылы аяқталуы тиіс. Қазір негізгі іргетасы қаланып, сыртқы инженерлік желілер тартылды, қосалқы станция мен автотұрақ инфрақұрылымы дайындалып жатыр. Депутат нысанның сұйытылған газ тапшылығын жоюға және өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Өте күрделі, үлкен мәні бар, Президенттің тапсырмасымен басталған. Үкімет басшысының тікелей қадағалауында. Қаңтар айында уәделестік. Осы жерге келіп қараймыз. Жұмыс басталып, қарқынға түсіп жүріп жатыр.
Мәдина Нағашыбай
