Англиядағы қазақ жастары Қазақстандағы қайырымдылық қорына қаржы аударды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Англиядағы қазақ жастары Қазақстандағы қайырымдылық қорына қаржы аударды

15.08.2025

Англияда жұмыс істеп жүрген қазақ жастары Лондонда бас қосты. Олар бұл жолы футболдан турнир ұйымдастырып, жиналған қаражатты Қазақстандағы қайырымдылық қорына аударды.

Жалғас Маралбек Англия фермасында шие-алма терумен айналысады. Айына шамамен 1 млн 200 мың теңгедей табады. Жергілікті халық үшін бұл жалақы мардымсыз, ал жұмысы ауыр. Бірақ Жалғас отбасы қамы үшін қиындыққа еш мойыған емес.

Жалғас Маралбек, турнирге қатысушы:

Жұмыс, енді біз екінші жыл болғаннан кейін, ондай қиналып жатқан жоқпыз, негізі. Болады жұмыс істеуге. Қара жұмыс. Әрекет қылсаң болады ғой, жақсы.

Жалғас Қызылордада дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. Бірақ жүктемесі аз болыпты. Бүгін фермадағы жалғыз демалыс күнін пайдаланып, турнирде доп теуіп жүр. Ойыншылар қатысу жарнасын төлеп, жиналған 1 миллион теңгеден астам ақшаны қайырымдылық қорына аударды.

Әділ Тоқтасын, турнирді ұйымдастырушы:

Қазақ қауымдастықтарын дамытсақ деп үміттеніп жүрміз. Басқа халықтардың сөйтіп жасап жатқандарын көріп, біз де істеп жатырмыз.

Тұманды альбионда бүгінгі күні 10 мыңдай қазақстандық бар. Осында еңбек етіп жүрген қазақ жастарын қолдауға бүгін жергілікті диаспора өкілдері де келді.

Әбдісәлім Саваш, Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының басшысы:

Байқасам, жастардың барлығы қазақша сөйлейді. Жақсы әйтеуір. Енді бұдан кейін біздің балалармен араласып тұрса, соған қуанамыз.

Қазір Англия фермаларынан шақырту алу оңай емес. Орталық Азиядан баратын жұмысшылар арасында бәсекелестік күшейген. Бұған қоса, 6 айға ғана берілетін маусымдық еңбек визасының мерзімі біткен соң осында заңсыз қалып қоятындар көбейіп келеді.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу