Абай облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бес білім ошағы бой көтереді. Қазір оның екеуі іске қосылды. Тағы екеуі жыл соңына дейін ашылады. Осылайша 3000 бала жаңа мектепке барады. Бүгін Семейдегі құрылысы аяқталған Водный кентіндегі заманауи ғимаратты ата-аналар мен оқушыларға таныстыру үшін ұстаздар ашық есік күнін өткізді.
Семейдің Водный кентінде осы күнге дейін мектеп мәселесі өзекті болып келген. Өйткені халық өте тығыз орналасқан. Енді 600 орындық білім ошағы биылғы оқу жылында мәселені түбегейлі шешпек. Заманауи үлгіде салынған ғимаратта қажеттінің бәрі бар. Материалдық-техникалық базасы толық. 28 оқу кабинеті, спорт залы мен асхана да соңғы үлгіде жарақталған. Аспаз, тігін шеберханалары да қарастырылған.
Жетпісбай Қасымжанұлы, Семей тұрғыны:
Бұрын мектептен таршылық көрдік. Өйткені бір жағынан алыс болды. Бір жағынан дәл мынандай болған жоқ. Немерелеріміз мектепке жеткенше талай жер ғой. Мынау жақын. Алты бірдей немерем осында оқиды.
Ділнәз Жұмақан, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:
Мектептен біз дарынды жас ұрпақ шығатынына, үздік оқушылар шығатындығына кәміл сенімдіміз. Осы оқу ордасына аяқ басатын әрбір оқушыға сәттілік. Ал ұстаздарға шабыт пен еңбектеріне жеміс тілеймін.
«Келешек мектептері» жобасы аясында салынған ғимараттарда ең бастысы оқушыларға қолайлы жағдай жасауға мән берілген. Мәселен, бастауыш сыныптар өздеріне арналған блокта білім алса, орта буынға жеке кіріп-шығу есіктері қарастырылған. Ғимарат толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Нашар көретін оқушылар қозғалысына қолайлы болуы үшін тактильді жолдар төселген.
Дәулет Ілиясов, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
Екі мектебіміз осы Семей қаласындағы Шығыс кентінде орналасқан. Құрылыс жұмыстары биылғы жылы басталды. Бесінші мектеп ол Аягөз ауданындағы 600 орындық мектеп. Осы оқу жылының төртінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Жалпы, Абай облысында алдағы үш жылда «Келешек мектептерінен» бөлек тағы 11 білім ошағы бой көтермек. Өңірде қазір 3 бірдей апатты жағдайдағы ғимаратта оқушылар білім алуға мәжбүр. Жоспар уақытында іске асса, бұл түйткілдің де түйіні тарқайтын күн алыс емес дейді мамандар.
Ержан Жақып
