Қазақстан жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша көш бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша көш бастады

14.08.2025

Қазақстан жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім бойынша посткеңестік елдер арасында көш бастады. Мұндай деректі Халықаралық валюта қоры жариялады. Сарапшылар бұл көрсеткіш ел экономикасының қарқынын күшейтіп, аймақтағы позициясын нығайта түседі деп бағалап отыр. 

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткішінде алдыңғы қатарда келеді. Соңғы мәліметке сәйкес, Қытайда бұл көрсеткіш – 13,69 мың доллар.

Посткеңестік елдер ішінде Қазақстан 14,77 мың доллармен көш бастап тұр. Екінші орында – Ресей (14,26 мың доллар). Одан кейін Түрікменстан мен Грузия, ал үздік бестікті 8,86 мың доллармен Армения түйіндейді.

Сарапшылар мұндай өсімді үш негізгі факторға байланыстырып отыр.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Біріншісі - ол жағымды сыртқы факторлар. Біздің мұнайдың, газдың, темірдің тағы да осындай қазба байлықтарымыздың әлемдік нарықтағы бағасының қымбаттауы. Eкінші - үлкен фактор бұл біздің ішкі факторымыз. Яғни, ауыл шаруашылығы саласы, құрылыс саласы, көлік саласына салынып жатқан ішкі жеңілдіктер салықтың жеңілдіктер және басқа да қаржылай қолдаулардың нәтиже бере бастағандығы. Үшіншісі - қаржылық экономикалық байланыстардағы төлем балансының артуы.

Қазақстан мұнай-газ, қазба байлықтар және сирек металдарға бай. Бірақ олардың игілігін көру үшін тиімді пайдалана білу шарт. Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, осы бағытта жүргізіліп жатқан реформалар оң нәтиже беруде.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Біздегі жекешелендіру мәселесі басқа республикаларға қарағанда 50 пайызға жақсы өтті. Үлкен кәсіпорындар жеке иеліктеріне ие болды да, олар дамуға, біздің өндірісімізді дамытуға әрекет жасады. Әсіресе шикізат саласында, металлургия саласында, машина жасау саласында болды.

Сонымен бірге бизнес пен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және транзиттік әлеуетті арттыру да өз үлесін қосып отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай көрсеткіш бірнеше жыл бойы сақталса, төлем балансына оң әсер етіп, халықтың тұрмыс деңгейін одан әрі жақсарта түседі.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу