Шымкентте «Жас волонтер» байқауының жеңімпаздары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте «Жас волонтер» байқауының жеңімпаздары марапатталды

13.08.2025

Шымкентте «Jastar Fest» мерекелік кеші ұйымдастырылды. Шарада «жас волонтер» жобасына қатысқан үздіктер анықталып, жеңімпаздарға 1 миллион теңгенің қайтарымсыз гранты табыс етілді.

Байқауда 5 жоба үздік деп танылды. Ең озығы Рахатбек Қарсанбектің «Ағамдай боламын» жобасы. Жүйріктердің жүйрігі ерекше идеясын жүзеге асыру үшін 1 миллион теңге иеленді. Енді қаражатты қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерді қолдауға жұмсамақ.

Рахатбек Қарсанбек, «Жас волонтер» байқауының жеңімпазы:

Қоғамға пайдасын тигізгісі келетін адамдарды жалғызбасты аналармен, әлеуметтік осал топтағы балалармен, суицидке әрекет жасап, аман қалғандармен, сондай-ақ бұзақылық бойынша есепте тұрған жасөспірімдермен байланыстырып, оларға лайықты аға немесе әпке табу.

Еріктілер қозғалысын қолдауға бағытталған байқауға жалпы 26 жоба ұсынылған. Комиссия шешімімен әлеуметтік, экологиялық, медициналық, білім беру салалары қаржыландырылды. Тапсырыс беруші жобаның жүзеге асуын қадағалайды.

Әйгерім Жұмағұлова, қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы:

Тегін білім алу, бизнес бастау және басқа да көптеген мемлекеттік мүмкіндіктер бар. Соның бірі – волонтерлерге көрсетіліп отырған жеңілдіктер. Біз алдағы уақытта да олардың жағдайын жақсартып, қолдауды арттырамыз.

Мейірхан Әбутәліпов, қала тұрғыны:

Біз караоке кештерін өткіземіз, кітап оқу жарыстарын ұйымдастырамыз. Мұндай іс-шаралар апта сайын өтеді. Шымкентті жастар қаласы деп айта аламын – барлық мүмкіндік қарастырылған. Егер өз ойыңыз бен идеяңыз болса, Жастар ресурстық орталығына келсеңіз, оны қолдап, әрі қарай дамытуға жағдай жасалады.

Шымкентте қазір 400 мың жас бар. Бұл қала тұрғындарының 30 пайызы. Ал түрлі үйымдарға тіркелген еріктелер саны 3 мыңға жуық. Белсенді жастар эко акция мен жобаларға қатысып, мегаполистің дамуына үлес қосып келеді.

Алдияр Айтбай

Хабарламаларға жазылу