Kazakhstan Open 2025: 22 елдің спортшысы қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Kazakhstan Open 2025: 22 елдің спортшысы қатысады

13.08.2025

Қазақстан таеквондодан Әлем чемпионатын өткізуге лайық па? Еліміздің халықаралық аренадағы рөлі қандай? Астанада өтетін Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингілік турнирін өткізуге қаншалықты дайын? Бұл сұрақтарды Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президенті Чунгвон Чоудан сұрап көрдік.

Чунгвон Чоу, Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының (WT) президенті:

2027 жылы өтетін Әлем чемпионатына Қазақстан барлық мемлекетпен бірге өтінім беруге мүмкіндігі бар. Дедлайн қыркүйек айының соңына дейін. Ал шешімді біз қазан айында өтетін Ассамблея отырысында шығарамыз. Жалпы келгенде Қазақстан әлем біріншілігін қабылдау талаптарына сай. Споршылардың соңғы жарыстартағы жетістіктері соған дәлел.

Федерация президенті алдағы үш күн болатын жарысқа дайындық деңгейін жоғары деп бағалады. Олимпиада ойындарына рейтингтік ұпай беретін турнир жаңартылған халықаралық ережелерге сай өткізілетінін жеткізді.

Айта кетейік, 16 тамызға дейін жалғасатын додада 22 елдің 700-ден астам спортшысы бақ сынайды. Қатысушылар арасында Олимпиада чемпиондары мен әлемдік рейтинг көшбасшылары бар. Ересектер, жасөспірімдер және жастар арасында сынға түсетін Қазақстан құрамасы да осал емес. Команда сапында әлем және Азия чемпиондары, Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Жарыстың жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгеге жуықтайды. Жалпы спортшылардың дайындығы туралы команданың бас бапкерінен де сұрап көрдік.

Есбол Сұлтанов, таеквондодан ұлттық құраманың бас бапкері:

Біздің ұлттық құрама команда осы жарысқа арнайы Астана қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Біздің ересектер, жастар, кадеттер тас-түйін дайын. Біз жалпыкомандалық есепте 1-орын аламыз деп ойлаймын.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу