Шымкентте «Жас волонтер» байқауының жеңімпаздары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте «Жас волонтер» байқауының жеңімпаздары марапатталды

13.08.2025

Шымкентте «Jastar Fest» мерекелік кеші ұйымдастырылды. Шарада «Жас волонтер» жобасына қатысқан үздіктер анықталып, жеңімпаздарға 1 миллион теңгенің қайтарымсыз гранты табыс етілді.

Байқауда 5 жоба үздік деп танылды. Ең озығы Рахатбек Қарсанбектің «Ағамдай боламын» жобасы. Жүйріктердің жүйрігі ерекше идеясын жүзеге асыру үшін 1 миллион теңге иеленді. Енді қаражатты қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерді қолдауға жұмсамақ.

Рахатбек Қарсанбек, «Жас волонтер» байқауының жеңімпазы:

Қоғамға пайдасын тигізгісі келетін адамдармен жалғызбасты аналар мен осал топтың балалары мен суицидке қадам жасап, ол сәтсіз аяқталып, былайша айтқанда аман қалған балалар мен бұзақылық бойынша тіркеуде тұрған жігіттерді қыздарға лайықты аға тауып беру, не болмаса әпке тауып беру.

Еріктілер қозғалысын қолдауға бағытталған байқауға жалпы 26 жоба ұсынылған. Комиссия шешімімен әлеуметтік, экологиялық, медициналық, білім беру салалары қаржыландырылды. Тапсырыс беруші жобаның жүзеге асуын қадағалайды.

Әйгерім Жұмағұлова, қалалық Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы:

Тегін білім алу, бизнес бастау және де көптеген мемлекеттік мүмкіндік бар. Соның бірі - волонтерларға жасалып отырған жеңілдіктер. Біз бұдан былай да жағдайды жақсартып, қолдауды көбейтеміз.

Мейірхан Әбутәліпов, Шымкент тұрғыны:

Караоке кештерін өткіземіз. Кітап оқудан жарыстар болады. Кешке әр апта сайын осындай жұмыс жүреді. Шымкент жастардың қаласы деп айта аламын. Бүкіл мүмкіндіктер қарастырылған. Егер сізде өз ойыңыз, идеяларыңыз болып жатса, Жастар ресурстық орталығына келетін болсаңыз, идеяңызды құптап, ары қарай соны дамытуға мүмкіндік береді.

Шымкентте қазір 400 мың жас бар. Бұл - қала тұрғындарының 30 пайызы. Ал түрлі үйымдарға тіркелген еріктелер саны 3 мыңға жуық. Белсенді жастар экоакция мен жобаларға қатысып, мегаполистің дамуына үлес қосып келеді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу