Қазақстанға Ұлыбритания салған инвестиция 45% өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанға Ұлыбритания салған инвестиция 45% өсті

13.08.2025

Биыл I тоқсанда Ұлыбританиядан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 45%-ға өсті. Жуырда Астанада әлемдік озық оқу орындарының бірі Кардиф университетінің кампусы ашылса, Алматыда дүниежүзілік ірі фармацевтикалық компания өз өндірісін қолға алмақ. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы және су менеджементі салалары бойынша да келіссөздер жүріп жатыр. 

Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. I тоқсанның қорытындысы бойынша Тұманды Альбионнан біздің елге құйылған инвестиция көлемі 45 пайызға артқан.

Ерлан Зейнешев, ҚР Ұлыбританиядағы елшілігінің экономика бөлімінің басшысы:

Инвестициялар тау-кен өнеркәсібіне ғана емес, энергетика салаларына, сондай-ақ білім беру, фармацевтика, цифрландыру салаларына салынып жатыр.

Жақында Қазақстанның капитал нарығына 2,5 млрд доллар еурооблигация шығарғаны белгілі. Оған деген сұраныс ұсыныстан екі есе асып түсті. Бұл – Еуропа, АҚШ, Азия және Таяу Шығыс елдерінің инвесторларының бізге деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті.

Аюна Нечаева, Лондон қор биржасындағы Еуропа және ТМД елдері бойынша бөлім басшысы:

Қазақстандық мемлекеттік және жеке компаниялар корпоративті басқару және ақпараттың ашықтығы бойынша әлемдік талаптарға жауап беріп, капитал тартуда. Халықаралық нарықтарға шығып, ел имиджіне оң әсер етіп жатыр.

Бизнес қауымдастықты жасыл энергия және Орта дәліз жобалары да қызықтырды. Олар саяси және экономикалық тұрғыда тұрақты Орталық Азия көшбасшысымен әріптестік орнатуға уағдаласты.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу