Астанадағы «Сергек» камералары желтоқсан айында өшіріле бастайды. Оның орнына «Presight» деп аталатын жаңа бейнебақылау жүйесі орнатылады. Қазір дайындық жүріп жатыр. Қала әкімдігінің айтуынша, алдымен Бейбітшілік көшесінде заңға қайшы әрекеттерді тіркейтін арнайы орталық құрылмақ. Онда көлік қозғалысына қатысты деректер де жиналып отырады. Мәселен, көшеде жол апаты болса, жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейтін жаңа камералар бұл туралы бірден орталыққа хабар береді. Сосын кептелісті болдырмау үшін көлік қозғалысын қалай реттеуге болатынын зерделеп, бағдаршамның жұмысын автоматты түрде реттеп отырады.
Қуандық Бексұлтан, қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары:
Жол қозғалысы ержелерін бұзудың 15-тен астам түрін автоматты түрде фото және бейне тіркеу жасайды. Жыл соңына дейін камераларды орнатып, ахуалды орталықты соғып, деректерді өңдейтін орталықтың бәрі жұмысқа кіріседі.
Мұның бәрі «Ақылды қала» жобасының аясында іске аспақ. Жаңа жүйені орнатуға Біріккен Араб Әмірліктері 53 миллиард теңге инвестиция құяды. Бұл қаржыға 15 мыңнан астам бейнекамера сатып алынады. Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ақылды қала» жобасы алдағы уақытта барлық ірі қалаларда қолға алынбақ. Демек елдегі «Сергек» камераларының орнына жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейтін «Presight» жүйесі орнатылады.
Мақсат Қошымбаев, «Presight AI» Компаниясының өңірлік директоры:
«Ақылды қала» жобасы апаттың алдын алуға да көмек береді. Өйткені жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін «ақылды» камералар электр, жылу желілерін де бақылап, кенеттен ақау шықса, арнайы орталыққа белгі береді. Осылайша қаланың инфрақұрылымы жақсарып, жаңа деңгейге көтеріледі.
Жанел Өтеулі
