Германияда өткен ХХХІІ Дүниежүзілік жазғы универсиада ойындары аяқталды. Жарыстар елдің 6 қаласында өтті. Ел намысын спорттың 12 түрінен 76 спортшы қорғады. Екі жыл сайын өтетін байрақты бәсекеде студенттеріміз 11 медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын, қалғаны қола. Осылайша, Қазақстан жалпыкомандалық есепте 37-орыннан көрінді. Жүлденің көбін таеквондышылар иеленді. Олардың қоржынында 8 медаль бар. Татами шеберлері де бос қайтқан жоқ. Аман Бақытжан мен Нұрқанат Серікбаев үшінші орын алды. Сондай-ақ, көркем гимнастикадан Айбота Ертайқызы да қолаға қолжеткізді. Енді 2027 жылғы Универсиада ойындары Оңтүстік Кореяда өтеді. Жарыс бағдарламасына: гольф, жағажай волейболы мен ескек есу сайыстары еніп отыр. Спорттық шаралар 4 қалада өтеді деп жоспарланған.
Асылбек Данияр
