Алматыда экологиялық сенбілікке мыңнан астам тұрғын қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда экологиялық сенбілікке мыңнан астам тұрғын қатысты

26.07.2025

Алматыда ақын, ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған жалпықалалық сенбілік өтті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған ауқымды шараға әр ауданның белсенді тұрғындары, еріктілер мен оқушылар қатысты. «Мұндай экоакция қала тұрғындарын табиғатты аялауға, туған өлкеге жанашырлықпен қарауға үндейді», - дейді ұйымдастырушылар.

Қазақ руханиятының шамшырағы, ұлы ақын, Абай есімімен аталып, ұзындығы 15 шақырымға созылатын ірі даңғылда таңнан қызу тіршілік. Алмалы, Бостандық, Әуезов, Медеу мен Наурызбай аудандарын қиып өтетін шаһардың басты жолы қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сенбілікке қатысқандардың бірі – 9 жастағы Раяна. Табиғатқа жанашыр балақай үлкендерден қалыспай, тазалық жұмыстарына жәрдемдесті.

Раяна Жаппарова, оқушы:

Мен қоршаған ортаны қорғауға және шөптерді тазалауға, ағаштарды суғаруға әкеммен келдім. Қоршаған ортаны қорғайық, қоқысты тастамайық. Көбі қазір жерге қоқыс тастай береді, ол қоршаған ортаға өте зиян.

Қала бойынша ұйымдастырылған сенбілікке әр ауданның белсенді тұрғындары, еріктілер мен спорттық мектептердің оқушылары қатысты.

Сәкен Аралбаев, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары:

Мыңнан астам аудан жастары мен тұрғындары қатысып жатыр. Бір жағынан бұл тазалық акциясы болса, екінші жағынан біздің ойшыл азамат, атақты, қазақтың бас ақыны Абайдың өмірбаянын жастар арасында, тұрғындар арасында насихаттауға да бағытталып отыр.

Кемеңгер ойшыл Абай өз шығармаларында адамның табиғатпен терең байланысын бейнелеп, қоршаған ортаға деген ізгі көзқарасты дәріптеген. Осы даналықты жастарға насихаттауды жөн көрдік дейді ұйымдастырушылар. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы арқылы тұрғындар ару қалаға деген құрметін, табиғатқа деген сүйіспеншілігін көрсетті.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу