Елімізде тарихи-мәдени мұраны цифрландыру мақсатында жасанды интеллектке негізделген 4 цифрлық жоба іске асып жатыр. Мақсат: мемлекеттік тілде сапалы контентті көбейту және мұраны сол қалпында ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Алдымен, инклюзивті топқа жататын азаматтар үшін контентті мемлекеттік тілге дыбыстау және есту қабілеті төмен азаматтар үшін ым-ишара тіліне аудару міндеті тұр. Бұл сериалдар мен фильмдерді тез әрі сапалы аударуға мүмкіндік береді. Екінші жоба – «Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын цифрландыру». Арнайы модуль арқылы музейлерді, театрларды, көрмелерді және алтын қордағы материалдарды үйден шықпай-ақ көруге болады. Үшіншісі - жасанды интеллект элементтері бар Ұлттық цифрлық білім базасы. Жоба «е-Кітапхана» мен «е-Архив» жүйелерімен біріктіріліп, барлық білім ресурстары бір жерден қолжетімді болады. Соңғысы – Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай жүзеге асырылды. Министрлік майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерліктерін мәңгі есте сақтау үшін «Батырларға тағзым» порталын іске қосты. Онда 100 мыңнан астам майдангер туралы мәлімет жарияланған.
Асылбек Данияр
