Мұрағаттар 300 мың құжатпен толықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұрағаттар 300 мың құжатпен толықты

24.07.2025

Биыл Ұлттық мұрағаттардағы 150 мың беттік құжаттар жаңартылды. Реставрациядан өтіп, сиясына өң берілген құнды қағаздар қатарын тағы мыңғадаған жаңа материалдар толықтырды. Одан бөлек, қазір архивтерді цифрландыру жұмыстары қарқын алды.

Азаттыққа ұмтылып, кейін тәуелсіз ел ретінде бойын тіктеген Қазақстанның кешегі тарихы, мәдени және саяси маңызы бар құжаттары қазір мемлекеттік мұрағаттарда мен мұндалап тұр. Биыл бұл мекемелердің қорлары 300 мың іспен толықты. Осылайша елдегі архивтерде құжаттар көлемі - 27,9 млн-ға жетті. Цифрландыру ерекше серпін алды. Биыл 123 мың іс электронды жүйеге енгізіліп, цифрландырылған материалдар саны - 2 миллион 624 мыңға жетті.

Сағила Нұрланова, ҚР Ұлттық архивінің директоры:

Ұлттық архивтің болашағы цифрлық кеңістікте. Қағаз құжаттарды қанша көздің қарашығындай сақтасақ та тарихтың толқыны, дәуірдің желі соғып, сарғаяды. Жалпы республика бойынша, 11 пайыз цифрлық форматқа көшірілді. Аса құнды құжаттар, жиі сұранысқа ие болатын оқу залындағы құжаттарды ең бірінші цифрлық кеңістікке ауыстырып жатырмыз.

Алдияр Айтбаев, тілші:

Жылдар өтіп, сиясының сыйқы қашқан құжаттарды сақтап қалу да мұрағаттарға жүктелген басты міндеттердің бірі. Ескі болса да өзектілігін өшпейтін құнды қағаздардың биыл біразы жаңартылған. Дәлірек айтқанда, көлемі 150 мың бетті құрайтын іс қағаздар реставрациядан өткен.

Бетін шаң басып, мөрі мен жазуын сан жылдар мүжіген құжаттар қатары жыл сайын жаңаларымен толығады. Бұл ретте, архивтің астында қалған ескі істердің түпнұсқасын сақтап қалу оңай емес.

Сырым Ботабеков, Қолжазбалар және сирек кездесетін кітаптар ұлттық орталығының суретші-реставраторы:

Кеңестік кезеңнен бізге жеткен құжаттарға келер болсақ, түрлі категориядағы құжаттар бар. Олардың ішінде өте нашар жағдайда сақталғандары да кездеседі. Құжаттың негізгі материалы — қағаз. Қағазды сақтау үшін температура 18 ±2 градус шамасында болуы керек. Жарық мөлшері люкспен өлшенеді және ол 75 пен 150 люкс аралығында болғаны жөн. Ал ылғалдылық деңгейі 50 ±5 пайыз болуы қажет.

Құжаттарды сақтаудан бөлек мұрағаттар сапалы қызметке де мән береді. Биыл ел бойынша архивтен құнды қағаздарды алуға 600 мың өтініш түскен. Баспа ісінде де жоспар ауқымды. Жыл соңына дейін сиясы кеппеген 118 әдеби оқулық кітапхана сөрелеріне қойылмақ. Қазірдің өзінде 200 қаламгерден мемлекеттен қаламақы алып, жинағын шығару бойынша өтініш түсіпті.

Біржан Ахмер, әдебиеттанушы, ақын:

Жалпы, мемлекет тарапынан кітап шығару ісіне көп көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу аясында менің бір кітабым поэзия жанры бойынша жарық көріп жатыр. Шығарманың идеясы өте маңызды. Идеясы тартымды болған сайын, оқырман да қызыға түседі. Қазіргі таңда балалар әдебиетіне сұраныс өте жоғары. Әсіресе, фантастикалық жанрға. Ал балалар пьесасы мен балалар драмасы қазіргі уақытта ақсап тұр.

Әдебиет әлеміне түрлі қолдау арқасында жас қаламгерлерге де қанат бітіріп жатыр. Олар үшін 16 миллион теңгелік арнайы Президенттік сыйақы да қарастырылған. Мұндай қолдауға ие болатын жазушылар мен ақындардың есімдері жыл соңында анықталады.

Алдияр Айтбаев

Хабарламаларға жазылу