Қазақстанда алдағы уақытта азық-түлік, киім-кишек және өзге де тауарларды виртуалды ақшамен сатып алуға болады. Цифрлық даму министрлігінің айтуынша, бірнеше жылдан кейін барлық сауда үйлерінде қазіргідей теңгемен ғана емес, криптавалютамен де төлем жасай алуымыз мүмкін. Бұдан тұрғындарға пайда бар ма? Экономикаға әсері қандай?
Виртуалды ақша әуелі Астанадағы ЭКСПО алаңында, Бурабайда және Алатау қаласында қолданысқа енеді. Яғни, осы 3 аймақтағы кез келген қызметті криптавалютамен сатып алуға болады. «Криптосити» деп аталатын бұл жоба сынақтан сәтті өтсе, республика деңгейінде қолға алынады. Бұл енді барлық тауарлар цифрлық ақшамен саудаланады деген сөз. Бастама нақты қашан іске асатыны белгісіз. Бірақ Цифрлық даму министрлігі алдағы 4 жылда қолға алынуы мүмкін дейді.
Наурызбек Бижанов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі басқармасының бас сарапшысы:
Дүкендерде, мейрамханаларда, қонақүйлерде және басқа да қызметтерді цифрлық активтермен төлеуге мүмкіндік беріледі. Ұлттық банк арнайы реттеу режимімен жұмыс атқарады.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Осы тұста «Криптавалюта дегеніміз не? Одан халыққа пайда бар ма?» деген сұрақ туындайды. Криптовалюта – бұл виртуалды ақша. Яғни, қолыңызбен ұстай алмайсыз. Біреулер оны онлайн жұмыс істеп тапса, енді біреулер ойын ойнап табады. Теңге, рубль, долларды да осы валютаға айырбастауға болады. Оны орталық банк не үкімет емес, блокчейн деп аталатын жүйе қадағалайды. Демек, белгілі бір бағамға бағынбайды. Инфляция өсіп, баға шарықтап кетсе де, құны жоғалмайды. Мәселен, 2010 жылы бір биткойн 1 теңге тұратын. Қазір шамамен 30 млн теңгеден асады. Бір кездері кей мемлекеттер өздерінің ұлттық валютасын ысырып, түбегейлі криптавалютаға көшкені содан.
Думан Ахметжанұлы, қаржыгер:
Бір қызығы, Сальвадор мен Орталық Азиядағы кейбір шағын мемлекеттер биткойнды өздерінің ұлттық валютасы ретінде танып отыр. Инфляция деңгейі бойынша олар алғашқы орындардың бірінде тұр. Сол себепті өздерінің ұлттық валютасын реттеместен, биткойнды ұлттық валюта ретінде қабылдап, бүкіл әлемге экономикалық ұстанымдарын ашық көрсетіп отыр.
Бірақ криптавалютаның құны кенеттен өскенімен, құлдырап кетуі де бір мезет. Сондықтан оны ұлттық валютасына айналдырған елдер бірте-бірте райынан қайтып жатыр.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Сальвадор, Венесуэла сияқты мемлекеттер экономикалары қатты құлдырай бастаған соң, «криптовалютаға өтсек, мүмкін байып кетерміз» деп ойлаған еді. Алайда ондай тәжірибе нәтиже бермеді. Сондықтан қазір олар криптовалютаға шектеу қойып отыр. Ал Қытай мен Германия бастапқыда бұған мүлде рұқсат берген жоқ. Бірақ кейін бүкіл әлем осы бағытқа көшіп жатқан соң, «қалып қоймайық» деп олар да қосылып, қазір заңнамаларын қабылдап жатыр
Ал Қазақстанда криптавалюта нарығын дамыту елімізге қалай әсер ететінін уақыт көрсетеді. Бірақ алдағы жылдары құрылатын крипто аймақтар инвестор тартып, туристердің санын арттыратыны анық, дейді экономистер. Бұдан бөлек, жуырда ғана криптоактив күйінде 15 миллиард доллардың шетелге заңсыз шығарылғаны белгілі болды. Арнайы аймақ мәселені реттеуге де сеп болмақ.
Жанел Нұрболатқызы
