Шымкентте «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды

23.07.2025

Шымкентте«Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Жиында ел көлеміндегі жедел қызметтер мен азаматтық қорғау күштері бірлесіп, төтенше жағдайға төтеп беру тетіктерін пысықтады. Мақсат - зілзала кезінде халықты қорғау жүйесінің үйлесімді жұмысын жетілдіру. 

Шымкент – жер сілкінісінің алдын алу бойынша оңтүстік аймақтардың орталығы. Зардап шеккен халықты қабылдауға арналған шатырлы қалашық құрылып, 4 200 адамға дейінгі сыйымдылықпен жабдықталған. Бұл - жаппай эвакуация жағдайында халықты уақытша орналастыру жүйесін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

 Ирисмат Махмудов Шымкент қалалық ТЖД басқарма басшысы:

Шымкент қаласында қазіргі таңда көршілес облыстардан көмекке, жоспарланған Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарынан күштік құрылымдар келіп, шұғыл лагерлерін жайып, барлық нұсқаулыққа сәкес жұмыстар атқарылған. Қала аумағында Тұран-2 шағын ауданында Республикалық штаб жайылған. Бозарықта қалалық штаб жайылған.

Бұл күні төтенше жағдайлар қызметіне қажетті бұйымдардың көрмесі өтті. Онда өртті дер кезінде сөндіруге мүмкіндік беретін дрондар ұсынылды. Қытайлық құрылғы қазір біздің елімізде құрастырылып жатыр. Ол бір мезетте 200 шаршы метр аумақтағы өртті сөндіруге қауқарлы.

Бақдәулет Сағынтай, Astel компаниясының өкілі:

Ол өрт кезінде 25 келіге дейінгі салмақты көтере алады. Мысалы, медикаменттер бар, өрт сөндіретін дрондар бар, арнайы бомбалар бар, соларды жеткізіп беруге, лақытыруға көмектеседі. Көпқабатты үйлерге шығып дронмен өртті сөндіруге мүмкіндік береді.

«Жер-2025» оқу-жаттығуы - төтенше жағдайларға дайындықтың нақты көрінісі. Мұнда әр қызметтің шапшаңдығы, үйлесімдігі және техникалық жарақтануы сыналады. Бастысы - халықтың қауіпсіздігі.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу