Елдің үздік қымызы анықталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдің үздік қымызы анықталады

19.07.2025

Қазақстанда алғаш рет қымызға арналған «BaiQymyz» фестивалі өтіп жатыр. Екі күнге созылатын мәдени шарада жұрт үздік қымызды анықтайды. Сондай-ақ, жылқы көрмесі, шеберлік сағаттар мен ұлттық ойындар өтеді. Фестивальге барып келген әріптесім Темірлан Нұржанұлы жалғастырады.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Фестиваль өтіп жатқан алаң өте кең. Бір уақытта түрлі шаралар әр жерде қатар өтіп жатыр. Қонақтар да белсенді қатысуда. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қымыз өндірушілер мына шатырдың астында жиналды.

Жұмажан Қалтаев, ұйымдастырушы:

Қымыздан жарысқа біздің 50 қатысушымыз бар. Бірінші орын бізде – 20 000 000 теңге, екінші орын – 15 000 000 теңге, үшінші орын 10 000 000 теңге.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Қонақтар әр өндіруші алып келген қымыздың дәмін татып, бағалап, мына ілініп тұрған QR код арқылы дауыс береді. Осылайша, екі күнге жалғасатын байқаудың нәтижесі ертең белгілі болады. Ал үздіктер марапатталады.

Фестиваль аясында екі күн қатарынан ғылыми конференциялар өтіп жатыр. Қатысушылар қымыздың пайдасы жайлы, саумал ішіп емделу туралы айтады. Оған отбасымен 60 жылдан бері Еуропада қымыз бен бие сүтін өндірумен айналысып келе жатқан Ханс Цольманды да қатысты.

Ханс Цольман, кәсіпкер:

Жалпы, қымыз адамға күш-қуат етеді, өміршең етеді. Маңызды да, бағалы да қасиеті осы. Адамды сергітіп, сан сырқаттан сақтайды.

Қымыз – көшпенділер үшін дәм де, ем де болған сусын. Ұйымдастырушылар халықтың салты мен тағам мәдениетін насихаттауға, ауыл шаруашылығы мен туризм саласын дамытуға серпін бермек.

Гастрофестивальге екі күнде барлығы 50 мыңға жуық адам келеді деп жоспарланып отыр. Қымыз байқауынан бөлек, фестивальде ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтеді.

Темірлан Нұржанұлы


Хабарламаларға жазылу