Астанада Ыбырай Алтынсариннің «Шариғатул Ислам» атты еңбегі көпшілік назарына ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Ыбырай Алтынсариннің «Шариғатул Ислам» атты еңбегі көпшілік назарына ұсынылды

17.08.2018

Ыбырай Алтынсариннің «Шариғатул Ислам» атты түпнұсқалық еңбегі Астанада жұртшылық назарына ұсынылды. Кітап 2000 данамен шыққан. Бірақ, 134 жылдан бері сақталғаны жалғыз осы ғана. Бұл құндылық Қостанайдағы Ақмешіттің бас имамы Ертай қажыға атасынан мұра боп қалыпты. Сондай-ақ, Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің көрмесінде ағартушының отбасы қолданған төсек қабы бар. Жалпы, қоғам қайраткерінің өзі қолданған кітабы мен шабаданы ғана түпнұсқа. Қалған құжаттар, портрет пен фотолардың бәрі көшірме. Сосын 1864 жылы Торғайдағы алғашқы мектепті ашар кезде өзі тұрған үй иесі нағашы атасы Шегем бидің шапаны мен келі-келсабы да көпшілікке таныстырылды. Тағы бір қызық мәлімет, Ыбырай Алтынсарин өмірінде тек екі мәрте суретке түскен. Оның бірі құжатқа, екіншісі қайтыс боларынан 2 ай бұрын оқушы және тәрбиешілерімен түскен фотосы екен. Көрме қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында бір ай бойы ашық болады. 

Марғұлан Оспанов, Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің директоры:

- Ы. Алтынсарин негізі қызмет бабымен орыс достарымен көп араласқан. Ильминскиймен бірге жазысқан хаттарын Ы.Алтынсарин өмірден өткеннен кейін Ильминский жинақтап жарыққа шығарды. Соның арқасында біз Ы.Алтынсаринның қолжазбаларына қол жеткізіп отырмыз. Біздегі құжаттардың көбісі көшірме. Түпнұсқалар Орынбор архивінде сақтаулы. 

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу