Таразды тіліп өтетін Сеңкібай су арнасы қоршалмағандықтан, тұрғындар өміріне қауіп төндіріп тұр. 6 шақырымдық су арнасының айналасында 5 тұрғын үй алабы орналасқан. Сондай-ақ ағыны қатты су арнасы спорт кешені, мектеп пен өзге де әлеуметтік нысандар маңынан өтеді. Салдарынан жылда жазатайым жағдайлар жиі болады. Қоршауы болмағандықтан, былтыр да бірнеше рет адам құлап кеткен. Ал Сеңкібай арнасы Талас өзенінің суын Байзақ пен Жамбыл ауданы диқандарына жеткізетіндіктен үздіксіз ағады.
Серік Таубаев, қала тұрғыны:
1-2 айдың көлемінде 3немесе 5 жасар осы ауылдастың баласының ойыншығы суға түсіп кетіп, соны алуға ұмтыламын деп суға батып кеткен. Шығарып алдық, бірақ қайтыс болып кеткен. Алдын алу керек, суды жапса, дұрыс болар еді. Ең болмаса, балалар ойнайтын жерлерде жабу керек. Мына жерде балалар ойын алаңы, футбол алаңы бар.
Жалпы, өңірде қоршауы қойылмаған каналдар мәселесі өте өзекті. Мамандар мәліметінше, елді мекендер ішімен өтетін 9 арна қауіпті саналады. Олардың бірде-біреуінде қоршау жоқ. «Қазсушар» мекемесі мәселені шешуге 500 млн теңгеден аса қаржы қажет дейді. Республикалық бюджетке өтінім жібергенімен әзірге мақұлданбаған.
Ербол Әбдірахманов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының бас инженері:
Қазіргі таңда осы қоршау бойынша Жамбыл филиалдық жобасының сметалық құжаттамалары әзірленуде. Бұл қоршаулардың бір түрін қарап жатырмыз. Темір қоршау болады. Биіктігі - 1,5 метр. Бұл жұмысты келесі 2026 жылға қарастырып отырмыз. Қаржы бөлінген жағдайда бірден жөндеу жұмыстары басталады.
Данияр Әлімқұл
