Президент бүгін қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелеріне қатысты заңға қол қойды. Құжатта сталкинг, вейп және қыз алып қашу әрекеттеріне қылмыстық жаза тағайындау көзделген. Енді біреуді аңдып, күн көрсетпегендер 50 тәулікке қамалады.
29 жастағы Мария Кочневаны бір ер кісі 5 жыл бойы аңдып, маза бермеген. Онымен алғаш рет мерекелік кеште танысыпты. Сол күннен бері әлгі жігіт үйінің алдында торуылдап, соңынан қалмай қойған. Ақыр соңында қыздың мүлде көңіл бөлмегеніне ашуланып, күтпеген жерден шыға келіп, ұрып-соққан.
Үйден шығудан қалдым. Нөмірімді ауыстырсам да, хакер секілді түрлі бағдарламаны қолданатын. Мәселен, ол қоңырау шалғанда анам мен жақындарымның нөмірі жазылып тұрады. Бірақ алып қалсам, қайтадан сол кісі. Тіпті менімен достасқысы келетін қыз болып жалған аккаунт та ашты.
Мария полицияға бірнеше рет жүгінген. Бірақ заңда мұндай әрекетке қарсы қылмыстық жаза болмағандықтан, сталкер жігіт оңай құтылып кете берген. Мария сол ер кісінің соққысынан жарақат алғасын ғана іс сотқа жеткен. Заңгерлер кейінгі кезде сталкингтің көбейгенін айтады.
Бір жағдайды айта кетейін, былтыр бізге бір қыз жүгінді. Бір жігітпен танысқан, достасып жүрген. Бірақ кейін оның отбасылы екенін біліп, ара қатынасты үзген. Сол жігіт маған жүгінген қыздың 4 жыл бойы ізіне түскен. Есігінің алдына келіп, көлікпен аңдып отырған. Мұндай жағдайлар жас қыздарда, ажырасып кеткеннен кейінгі әйелдерде жиі кездсеседі және сорақысы тіпті ұрып-соғып, өлтіруге де әкелуі мүмкін.
Бұған жол бермей, сталкингті тоқтату үшін маусым айында арнайы заң қабылданып, бүгін күшіне енді. Бұдан былай біреуді аңдып, күн көрсетпегендер 50 тәулікке қамалады. Сондай-ақ 550 мың теңге айыппұл төлеп, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Жауапты министрлік алдағы уақытта бұдан да қатаң жаза қолданылуы мүмкін дейді.
Бізде жаңа бап болғаннан кейін осылай көріп жатырмыз. Алдағы уақытта практикаға байланысты қатаңдату жағын қарастырамыз. Заңнамаға сәйкес, жәбірленуші өзіне қатысты қауіпсіздік шараларын қолдана алады. Ол қылмыстық кодекстің 165-бабына сәйкес жақындауға тыйым салу.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Сталкингке ұшыраған адам бірден полицияға жүгініп, арыз жазуы керек. Қолда дәлел болғаны маңызды. Сондықтан сталкерден келген хаттарды өшірмеңіз. Скриншоттарда оның нөмірі анық көрінуі керек. Күніне неше рет хабарласқанын да айтыңыз. Бұдан бөлек, үйіңіздің алдына келіп тұрғанын бейнежазбаға түсіріп алсаңыз да дәлел болады. Мұны жақындарыңыз көрсе, сотқа куәгер ретінде қатыса алады.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Осы тұста айта кетерлігі, сталкер күн бермей жүр деп, Мариядан басқа бірнеше тұрғын сұхбат берген еді. Соның ішінде ер кісілер де бар. Олар бұл туралы ашық айтпай, оқиғасын камерадан тыс баяндады. Ешқайсы полицияға арыз бермеген. Бірақ сталкингпен күресеміз десек, мұндай жағдайларды жасырмау керек дейді заңгерлер. Өйткені бүгінге дейін одан зардап шеккендер туралы статистика тіркелмеген. Ал қылмыстық жаза-әрбір арыз арқылы деректерді айқындамақ.
Жанел Нұрболатқызы
