Биыл елімізде барлық балабақша ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл елімізде барлық балабақша ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтеді

15.07.2025

Биыл жыл соңына дейін еліміздегі барлық балабақша ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтеді. Жаңа жобаның артықшылығы әр ата-ана үйден шықпай-ақ балаларын балабақша кезегіне қоя алады. Баласы үшін бөлінген қаржыны да қадағалап отырады. Ал бір жыл бұрын Таразда пилоттық негізде іске қосылған еді. Жоба өз жемісін берді ме?

Ваучер дегеніміз баланы балабақшаға тіркеу жолдамасы. Ерекшелігі – электронды болуы. Енді сіз бұрынғыдай білім бөлімінің табалдырығын торып, кезек күтпейсіз. Бөбекжайды таңдау Indigo ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асады. Ата-ана тізімде тұрған 4 балабақшаның біреуін таңдай алады.

Арайлым Оспанова, ата-ана:

Ұзын-сонар кезекке тұратынбыз. Сосын туылғаннан бастап кезекке тұрдық. Тіркелу үшін ХҚКО-на, СОБЕС-ге баратынбыз. Ол жүйенің барлығы қазір жойылған. Негізі өте ыңғайлы. Баланы тіркеу ары кеткенде 2 минутыңды алады. Мен күндіз тіркедім, кешке қарай ваучер берілді.

Елімізде балабақшалар бір баланы қарағаны үшін мемлекеттен ай сайын 50 мен 80 мың теңге аралығында қаржы алады. Ақша алдымен ата-ана шотына түседі. Әрі қарай баланың балабақшаға барған, бармағаны расталғаннан кейін ғана мекеме шотына аударылады. Демек бұл мемлекет пен ата-ана арасындағы ашықтықты арттырады.

Гауһар Күзенбаева, №38 «Толағай» балабақшасының директоры:

Балабақша болса ата-ананың таңдауы үшін күреседі. Яғни, өзінің жұмысын жақсарту үшін, сол келген баланы ұстап қалу үшін жұмыс сапасын жақсартады және тәрбиешілер, педагогтер өзінің білімін, шеберлігін жетілдіреді. Бұл әділ бәсекелестікті тудырады.

Ваучерлік қаржыландыру былтыр Таразда пилоттық бағытта іске асты. Бүгінде мұнда 25 мың бала балабақшаға барады. Олардың мектепке дейінгі біліміне мемлекеттен 18 млрд теңге қаржы қаралған. Демек миллиардтардың мақсатты жұмсалуы ата-ананың көз алдында. Ал ваучерге тіркелуде ел кезегі – үшке дейін.

Гүлфайруз Естаева, қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі бөлім әдіскері:

Ваучер берілгеннен кейін 2 күннің ішінде мүддесін растағаннан кейін тағы да 5 күн қосылып береді. Бұл не үшін? Оның қалаған балабақшасында орын ашылғанын күтуіне. Егер 7 күннің ішінде ол өзінің қалаған балабақшасының орнын таңдамаса, қасындағы альтернативалық нұсқаны таңдай алады. Егер ол бірінші ваучерін байқамай жіберіп қойса, оны қайтарып алуына болады. Ал екінші ретінде архивке түседі. Ол кезде қайтадан кезекке тұруға болады.

Ал ваучер алған ата-ана өз мүмкіндігін үшінші рет жіберіп қойса, автоматты база кезектің соңына түсіріп тастайды. Жалпы, жаңа бағыт Тараздан кейін Шымкент, Түркістан, Орал және Астана қалаларында енгізілді. Нәтижесінде кезек 44%-ға қысқарды. Қазірдің өзінде ваучерге 3 мыңнан астам мектепке дейінгі мекеме қосылған.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу