«Qazaqstan» телеарнасының ерекше музыкалық жобасы — «Ұнайды маған» талант-шоуына өтінім қабылдау кезеңі өз мәресіне жетті.
Енді жобаның шығармашылық тобы – музыкалық продюсерлер, режиссерлер мен редакторлар мыңдаған үміткер ішінен үздік шыққандарын іріктеп жатыр. Телевизиялық жобаға жолдама ұтқан 120 талантты әнші қазылар алқасының алдында танымал хиттерді өз стилінде орындап, үздік кавер-орындаушы атағына таласады. Мегажобаның басты ерекшелігі — кәсіби сахнада бұрын өнер көрсетіп көрмеген, бірақ дарыны мен шеберлігін бойына сіңірген ерекше дауысты таланттарды таныту. «Ұнайды маған» — қазақ музыка өнерінің жаңа толқынын қалыптастыруға бағытталған, жаңа есімдерді елге таныстыратын ауқымды әрі заманауи форматтағы тың жоба, дейді ұйымдастырушылар.
Алтынбек Рахметов, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының креативті продюсері:
Бұл ең ерекше, әлі болмаған жобалардың бірі әрі бірегейі деп айтуға болады. Талантты қазақстандықтардың көп екеніне таңғалып отырмыз. Мүмкін мына жерде де дүйім жұртқа, елімізге ғана емес, әлемге де танымал болатын болашақ жұлдыздарымыз бар шығар.
Жазира Оразқызы
