BRICS саммитіне Қазақстан алғаш рет серіктес ел ретінде қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

BRICS саммитіне Қазақстан алғаш рет серіктес ел ретінде қатысты

14.07.2025

Бразилияның Рио де Жанейро қаласында BRICS-тің 17-саммиті аяқталды. Төрткүл дүниенің назарын аударған жиынға Қазақстан алғаш рет серіктес ел статусында қатысты. Біздің делегацияны Премьер министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастап барды.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Риоға келмеді. Бірақ жиынға онлайн қатысты. Ал қытайлық сыртқы істер министрлігінде BRICS платформасына қолдауы еш әлсіремегенін айтты. Жалпы, жиында жаһандағы гео-саяси ахуалдың лебі сезілді. Тараптар тұспалдап болса да өз мүдделері мен ортақ сын-қатерлерді жеткізді.

Луис Инасиу Лула да Сильва, Бразилия президенті:

Жақында НАТО-ның қорғаныс шығындарын едәуір арттыру туралы шешімі қарулану жарысын үдете түседі. Ядролық апат қаупі қайтадан күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып барады. Келіссөз арқылы шешілетін жолдардың орнына, мемлекеттердің аумақтық тұтастығын жүйелі түрде бұзу – ядролық қарудың таралуына қарсы күш салып жатқан әрекеттердің бәрін жоққа шығарады.

BRICS саммитінде Қазақстан алғаш рет серіктес ел ретінде қатысып, жаһандық мәселелерге қатысты нақты ұстанымдарын жеткізді. Сыртқы істер министрі Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын, климаттық дағдарыс пен денсаулық сақтау салаларындағы бастамаларын атап өтті.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі:

Климат пен денсаулық сақтау саласы баршамыздың дамуымыз бен қауіпсіздігіміз үшін аса маңызды. Декларация қабылдаудан бұрын нақты әрекетке көшетін кез келді. Мысалы, еліміз бойынша 2 млрд ағаш отырғызу, Арал теңізін сақтап қалу, Таза Қазақстан жобасы сынды талпынысымыз өз жемісін береді деп сенеміз. Апаттың алдын алу мен дабыл жүйесін жетілдіруде еларалық ынтымақтастықтың маңызы зор. Сондықтан Қазақстан өзінің ғарыштық технологиялары ұсынуға мүдделі.

Мұрат Нұртілеу елімізде салынатын АЭС пен оның халықаралық консорциум негізінде жүзеге асуын тілге тиек етті. Өзінің сапары аясында Бразилияның Амазул компаниясымен ынтымақтастықты арттыруға ниетті екенін жеткізді және министр 2026 жылы БҰҰ-мен бірлесіп өткізетін Өңірлік экологиялық саммитке BRICS елдерін ресми түрде шақырды.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу