Мәскеуде Моссовет атындағы Мемлекеттік академиялық театрдың негізгі сахнасында «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» спектаклі сахналанды. Оны қазақ режиссері Фархад Молдағали Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестивалі аясында ұсынды. Жауынгерлік өнер элементтері мен халқымыздың бай мәдени дәстүрі көрсетілген қойылымды тамашалауға жиналғандардың қарасы қалың.
Сұлтан Бейбарыстың тұлғасы әлі күнге дейін тарихшылар арасында пікірталас тудырады. Бала кезінде құлдыққа сатылған қазақ даласының тумасы қалай Таяу Шығыстың ұлы билеушілерінің бірі атанды? Қол астындағы мемлекеттердің өркендеуі мен тұрақты дамуын қамтамасыз еткен дана басшы көрегенділігімен есте қалды. Спектакльді тамашалаған Мәскеу жұртшылығы мен сыншылар жоғары бағасын беріп, қазақтың бай мәдениетіне тәнті болды.
Юстина Самотей, көрермен:
Мен шығыс мәдениетіне қызығамын. Ресейде қазақтар да тұрады. Сондықтар біз Қазақстаннан келген қонақтарды қуана қарсы алдық. Былтыр Үлкен театр сахнасында «Абай» қойылымын тамашалап, ерекше әсер алған едік. Ал бұл біз үшін эксклюзивті, жаңа қойылым.
Бұл спектакльде қазақтың өнері, қазақи ұлттық құндылықтар, ұлттық код, музыкасы, әндері, қазақтың бай салт-дәстүрі паш етіледі. Қойылымды ұлттық аспаптар әдемі музыкамен әрледі. Актерлер жауынгерлік өнер элементтерін көрсетеді. Спектакльді қоюға барлығы 85 адам жұмылдырылған.
Аяулым Құнанбай, музыкант:
Әртүрлі аспаптарды қосу арқылы «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарысты» аты айтып тұрғандай саунд драма, музыка арқылы, әуен арқылы әрбір кейіпкерге әуен қою арқылы біз халыққа жеткізе алдық деп ойлаймыз.
Премьерасы осыдан бір жыл бұрын болған спектакль осылайша халықаралық фестивальде топ жарды. Алдағы уақытта қойылымдарды қазақ тілінде сахналап, Мәскеу жұртшылығына ұсыну жоспарда бар.
Индиар Бегайдар
