Футболдан клубтар арасындағы әлем біріншілігінің финалистері белгілі болды. Англияның «Челси» командасы Францияның «ПСЖ» клубына қарсы ойнап, чемпиондық атақты сарапқа салады. Жартылай финалдың соңғы матчында «ПСЖ-ның» аяқ доп шеберлері Испанияның «Реал Мадридымен» кездесті. Ойынның алғашқы минутынан бастап, франциялықтар белсенді әрекетке көшті. Қарсыласқа қысым көрсетіп, шабуылға көбірек көңіл бөлді. Испаниялық қорғаушылар да жиі қателесіп, тойтарыс бере алмай жатты. Кездесудің алтыншы минутында «ПСЖ» сапынан Фабиан Руис есеп ашты. Арадан 3 минут өтер-өтпес Усман Дембеленің қақпаға бағыттаған добы дәл кіріп, командасының басымдығын арттыра түсті. Дембеле бірінші таймның ортасында тағы бір мергенттік танытып, дубль жасады. Сондай-ақ франциялық клубтың тағы бір ойыншысы Гансалу Рамуш 87-минутта ойынның нүктесін қойды. Осылайша «ПСЖ» қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсті. Финал 13 шілдеде дәл осы «Метлайф-стэдиум» стадионында өтеді. Бұл кешенде келер жылы Әлем чемпионатының финалын өткізу жоспарланған. Аталған турнирде чемпион болған команда 125 миллион долларға ие болады.
Асылбек Данияр
