Елімізде жыл сайын 21 мың түлек оқуға түспей қалады. Кейбірі ҰБТ-дан шекті балл жинай алмаса, енді бірі университет не колледжге барудан өз еркімен бас тартады. Жастар диплом алып, маман болуға неге құлықсыз? Оқу-ағарту министрлігінің жоспары қандай?
Ертең түлектердің соңғы легі ҰБТ тапсырады. Сынақ басталғалы 52 мың талапкер шекті бал жинай алмаған. Солардың бірі – Саламат Хафиз. 17 жасар бозбала өзінің қай салаға бейім екенін білмегендіктен, дайындыққа ден қоймағанын айтады.
Саламат Хафиз, түлек:
ҰБТ-ға қатты дайындалған жоқпын. Сол шығармашылық бағытында 30 балдан 16 балл жинадым. Ағам мен анам кәсіппен айналысады. Отбасыммен бірге кәсіппен айналысып, жүрегіме жақын мамандықты таңдаймын деп ойлаймын. Бірақ әзірге таңдамадым.
Саламат секілді сынақтан сүрінген түлектер тамызда тестті қайта тапсыра алады. Бірақ ол бұл мүмкіндіктен бас тартып отыр. Қандай мамандық ұнайтынын түсінгеннен кейін ғана оқуға түсемін дейді. Астанадағы мектептердің бірінде директор болып істейтін Бексұлтан Басықараның айтуынша, кейінгі кездері жыл сайын кемінде 5 түлек осындай шешім қабылдайтын болған.
Бексұлтан Басықара, мектеп директоры:
Кейбір оқушылардың саналы түрде академиялық демалыс алғысы келетінін байқауға болады. Бірақ бұл жердегі мәселе – олар демалыс алғаннан кейін не істейнін де білмей қалады. Біздің тараптан қолдау. Мысалы, жұмысқа байланысты немесе қысқа мерзімді курстар мен бағдарламалар бар. Соның бірі Бастау бизнес бағдарламасы.
Ал Астанадан жеке мектеп ашқан Нұрмұхаммед Досыбаев жастардың жігерін жану үшін мемлекеттік білім ошақтарындағы бағдарламаны түбегейлі өзгерту керек дейді. Оксфордта оқып келген ол өзі басқаратын мектепте халықаралық тәжирібеге сүйенеді.
Нұрмұхаммед Досыбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі:
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, 3 немесе 5 пәнді оқыса, біздің мемлекеттік мектептерде 12-13, тіпті 15 пәнге дейін барады. Мысалы, біздің мектепте қалай өткізіледі? Бала тіпті 9 сыныпта кәсіпорындарды жеті бағыт бойынша аралайды. Оның ішінде бизнес, инновация, ғылым бағыттары бар. Әлемнің ең озық мектептері осы форматты алып келе жатыр.
Оқу-ағарту министрлігі әзірге мектеп бағдарламасындағы пәндерді қысқартуды жоспарлап отырған жоқ. Бірақ жаңа оқу жылынан бастап барлық білім ордаларында кәсіби бағдарлаушы жұмыс істейді. Мақсат - балалардың қай салаға икемді екенін ерте анықтап, жол көрсету.
Самал Сансыбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің бас сарапшысы:
Еңбек министрлігімен бірлесе отырған жұмыс тобын құрып, кәсіби бағдар берушілерге «Маман» бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Мансап компасы деген цифрлық плоатформа ашылып жатыр. Оның ішінде оқушылардың икемділігін анықтайтын тест бар.
Десе де, сарапшылар мектептен кейін оқымаймын деген балалар тест тапсырудан бөлек, кәсіпорындарды, әртүрлі жұмыс орындарын аралағаны жөн дейді. Сонда ғана өзіне жақын бағытқа тереңнен үңіліп, маман иесі болуға талпынады.
Жанел Өтеулі
