Түркиялық оқушылар Қазақстанға келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиялық оқушылар Қазақстанға келді

04.07.2025

Бір топ түркиялық оқушы жазғы демалыста Қазақстанға қыдырып келді. Бұл жәй оқушылар емес, Ыстанбұл қаласында өткен «Абайды тану» білім сайысының жеңімпаздары. Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының мұрындық болуымен өткен сайыста үздік шыққан 16 бала Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тегін қыдырып қайтты.

Екі жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан шығарма сайысына биыл Ыстанбұлдағы Абай атындағы мектептен 400 бала қатысты. Оқушылар бірінші кезеңде тест сұрақтарына жауап берді. Одан сүрінбей өткен балалар Абай туралы шығарма жазды. Сайыс жеңімпаздарын арнайы комиссия анықтады.

Нуриддин Аманқұл, Қазақстанның Ыстанбұлдағы бас консулы:

Абай туралы шығарманың ең үздіктерін таңдауға арнайы мектеп мұғалімдері, осы жердегі қандастардан, белсенді қазақ халқының өкілдерінен құрылған комиссия ең үздік шығарманы таңдап алады. Бұл конкурстың мақсаты Абай атындағы екі мектепте оқып жатқан мыңнан аса балаға Абайдың қарасөздерін еңбектерін кеңінен танытуға бағытталған. Бұл жоба екі жылдан бері жүзеге асып келе жатыр үшінші жылы да жүзеге асыруды көздеп отырмыз.

Түркістан мен Шымкент қалаларына барып қайтқан оқушылардың қуаныштарында шек жоқ. Абай туралы, Қазақстан туралы көптеген қызықты мәліметтер алып, жаңа достар тапқандарын айтады.

Өйку Пелит, сайыс жеңімпазы, 9-сынып оқушысы:

Абай Құнанбайұлының шығармалары біздің дүниетанымымызға ерекше әсер етті. Ұлы ақынның туған еліне бару оның сөздерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Өзімді шетелде емес, туған жерімде жүргендей сезіндім.

Мелике Өзтуна, сайыс жеңімпазы, 10-сынып оқушысы:

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ерекше әсер етті. Біз үшін ол өте маңызды тұлға. Осы сапарда көптеген жаңа адамдармен таныстым. Қазақ халқының қонақжайлығы қатты ұнады.

Оқушыларға арналған ерекше жобаға Ыстанбұл білім беру басқармасы да қолдау көрсетті. Ал жеңімпаз оқушыларды Қазақстанға жіберу балалардың білім алуға ынтасын арттыра түсті дейді мектеп директоры.

Мұрат Мужахид Йентур, Ыстанбұл білім беру басқармасының басшысы:

Мектеп оқушысының осындай сапарға шығуы, тек қыдыру емес, таным түсінігін молайтып, білімін тереңдетуге де ықпал етеді деп санаймын. Алдағы уақытта бауырлас екі елдің ынтымағын тереңдетуге бағытталған осындай жобаларды көбейтеміз.

Фатих Йылдыз, Абай атындағы мектептің директоры:

Оқушыларымыз сайысқа бар ынтасымен қатысты. Жеңімпаз 16 оқушы мен 4 мұғалім Қазақстанға бардық. Бізді керемет қарсы алды. Атажұртымызды бір көру арманым еді. Осы жобаның жүзеге асуына септігін тигізген барлық азаматтарға алғысымды білдіремін.

«Абайды тану» сайысы ұлы ақынның еңбектерін бауырлас Түркияда кеңінен танытуға мүмкіндік беретін жоба. Ал мектеп оқушылары жазған шығармалар кітапқа жинақталып, басылып шығатын болды.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу