Талдықорғанда 224 түлек жұмысшы мамандығына кірген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда 224 түлек жұмысшы мамандығына кірген

04.07.2025

Талдықорған жоғары агротехникалық колледжі жылына 1000-ға жуық еңбек нарығында сұранысқа ие білікті, жұмысшы мамандарды даярлайды. Білім ордасы облыстағы кәсіпорындармен арнайы екіжақты меморандумға қол қойған. Биыл оқуын аяқтап, диплом алған 224 студент «жұмысшы мамандықтар жылына» сәйкес келісімшартпен еңбек етуде. Дені ветеринария саласы мен кондитер және наубайшы мамандықтарын таңдаған.

Дамир Нұрмұхамет, тілші:

Бұл оқу ордасы 7 мамандық бойынша жылына мыңға жуық студент даярлайды. Қазір жаңа оқу жылына қабылдау жүріп жатыр. Бүгінге дейін жүзден аса адам құжатын тапсырып үлгерген.

Талдықорған агротехникалық колледжі ветеринария, кондитер және наубайшы, кинология сынды мамандықтарды оқытады. Биыл диплом алған 82 түлек аудан-ауылдарда мал дәрігері қызметін атқарып жүр. Ал 71 адам аспаз және наубайшы болып жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ алдағы оқу жылынан бастап «Орман шаруашылығы» жаңа мамандық ретінде оқытылмақ. Қазір арнайы комиссия жасақталып, құжаттарды қабылдап жатыр.

Роза Әбідрахманова, қабылдау бөлімінің жауапты хатшысы:

Қазіргі таңда құжаттарды қабылдау процесі жүргізіліп жатыр. Аптасына 6 күн біз осындамыз. Қуантарлығы - жастар қоғамға қажетті мамандықтарды таңдайды. Қарап тұрсақ, ауылдық жерлерде мал дәрігері тапшы. Сол себепті осы мамандықты таңдап келушілер көп.

Оқуын аяқтап, келісімшарт бойынша қызметін адал атқарып жүргендердің бірі - Санжар Әбілов. Ол Талдықорғандағы кондитерлік цехтардың бірінде наубайшы болып жұмыс істейді. Айтуынша, бұл - оның бала күнгі арманы. «Ас атасы - нан» деп білетін азамат әр үйдің берекесін біз келтіреміз, - дейді.

Санжар Әбілов, наубайшы:

Мен жоғары агротехникалық колледжді аяқтаған соң, осы цехқа бірден наубайшы болып жұмысқа тұрдым. Бала күнгі арманым болған соң жұмысымды сүйіп істеймін. Меніңше, бұл өте маңызды мамандық. Біз адамдарға қуаныш сыйлаймыз, әр үйге мереке алып келеміз.

Жетісу облысында жалпы саны 27 арнайы жоғары және орта білім беретін оқу орындары бар. Тәлім алған түлектердің 63 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр.

Дамир Нұрмұхамет

Хабарламаларға жазылу