Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар тарихи қаланың орта ғасырға тиесілі екендігін айтуда. Бірақ, табылған заттардың арасында біздің дәуірімізге дейінгі І, ІІ ғасырға тиесілі жәдігерлердің болуы тарихшыларды таңқалдырды. Бұл – көне шаһардың астында екінші бір тарихи мекен болған деген болжамды ақиқатқа айналдырып отыр.
Қазір қала орнында қазба жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Сол кезеңде қолданылған түрлі шаруашылық заттары, құмыралар мен дән үккіштер табылды. Жарты метрге жетер-жетпес жерден бөлме қабырғалары шығып жатыр. Қанша уақыт өтсе де, қалпын бұзбай сақталған.
Қуаныш Арынов, археолог:
- Бөлмелер жақсы сақталған, сыртындағы сылағына дейін. Кейбір жерлері бұзылған.
Бұл төбені жергілікті жұрт Жылқытөбе деп атайды. Дәл жанында Теріс өзені ағып жатыр. Қала Х-ХІІ ғасырдағы Баркуаб шаһары болуы мүмкін деген болжам бар. «Баркуаб» сөзін арабшадан аударғанда «теріс аққан» деген сөзді білдіретіндігін ескерсек, бұл жорамал шындыққа жанасатын секілді. Алайда, табылған заттар шаһар тарихының одан да терең екендігін айғақтайды. Тарихи жазбаларда жазы салқын, жері құнарлы Жуалы жерінде Қаңлы мемлекетінің жазғы астанасы болған деген де дерек бар.
Марат Құлибаев, ауыл тұрғыны:
- Зерттеу барысында тарихшылар бұл жерде тағы бір қала болған деген жорамал жасады. Ол Тараз тарихымен қатар өмір сүрген Битьян қаласы болуы мүмкін деп отыр. Бұл төбеде бала кезімізде келіп, талай шана, шаңғы тептік. Бірақ, қала бар екен деп ойламаппыз.
Былтырға дейін мұнда қазба жұмыстары түпкілікті жүргізілмеген. Бірақ, ауыл тұрғындары түрлі тарихи заттарды өз аулаларынан да тауып алып жүрген. Бұл - қала аумағының бірнеше шақырымды алып жатқандығының айқын дәлелі.
Алған Әлиев, ауыл тұрғыны:
- Терісте ел там соққан кезде, топырақ алғанда құмыраның сынықтары шығып жатқанын көргенбіз. Адам сүйектері шықты деп естігенбіз. Бұған дейін, былтырға дейін ешкім зерттеп көрген жоқ.
Жалпы, Жуалы – тарихи құндылықтарға бай өңір. Түрлі оба, қорымдар мен мазар, қалашықтардың орны сайрап жатыр. Ендігі мақсат – табылған көне қала жұртынан аспан асты мұражайын салып, туристер қызығатын тарихи орынға айналдыру.
Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ